10 нау, 2022 сағат 14:40

Украинада әлі де Қазақстан азаматтары бар - CІМ


Украинада әлі де Қазақстан азаматтары қалып отыр. Бұл жайында Премьер-Министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ең алдымен, Елшілігіміз Киевтен Львовқа қоныс аударды. Ол эвакуацияланған жоқ, жұмысын жалғастырып жатыр», - деді вице-премьер Үкімет отырысынан кейін БАҚ өкілдерінің сауалына орай. 

Сонымен қатар ол Украинаның соғыс жүріп жатқан өңірлерінде Қазақстан азаматтарының қалып қойғанын атап өтті. 

«Соғыс іс-қимылдары жүріп жатқан ең қауіпті жерлерде, аумақта азаматтарымыз әлі де бар және оларды шығару мәселесі тұр. Қазіргі уақытта гуманитарлық дәзілдің ашылуын күтіп отырмыз. Ол жайында украиндық және ресейлік тарап арасында келіссөз жүргізіліп жатыр. Мүмкіндік туған сәттен-ақ аталған гуманитарлық дәліз арқылы сол жақта қалып қойған азаматтарымызды эвакуациялаймыз», - деді Мұхтар Тілеуберді.