19 сәу, 2022 сағат 19:14

Украинада 6 миллион адам ауыз сусыз қалды - ЮНИСЕФ

Фото ©REUTERS

Біріккен Ұлттар Ұйымының Балалар қоры (ЮНИСЕФ) соғыс салдарынан миллиондаған украиналық ауыз суға қол жеткізе алмай отырғанын айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Ұйым Украинадағы соғыс салдарынан елдегі 4,6 миллион адамның суға қол жеткізе алмай отырғанын, ал 6 миллионнан астам адам таза ауыз су тапшылығынан зардап шеккенін хабарлады.

"Бір айдан бері Украинада болып жатқан қызу шайқастар су мен электр желілерін қиратып, 4,6 миллионнан астам адамның суға қол жетімділігін шектеді. Олар күн сайын адамның ең негізгі қажеттіліктерінің бірі ауыз суға қол жеткізу үшін күресіп жатыр", - деді ЮНИСЕФ Twitter-де.

Украинаның шығысындағы әскери операция басталғалы бері сумен жабдықтау инфрақұрылымына зақым келтірудің 20 оқиғасы тіркелген. 

Бір ғана Донецк облысында 200 мыңға жуық адам су тапшылығын сезінуде және Горловке су қоймасына зақым келсе, тағы 340 мың адам ауыз суға қол жеткізе алмай қалу қаупі бар.