Ресей күштерінің әуе соққысының нәтижесінде 40-тан астам украин солдаты қаза тапты, ондаған адам жараланды. Украина президенті кеңсесінің кеңесшісі Алексей Арестович осылай деп мәлімдеді, деп хабарлайды Азаттық.
Украина билігінің айтуынша, бейбіт азаматтар арасында он адам қаза болған.
Бұған дейін "Медиазона" Одесса облысында әскери бөлімге шабуыл жасалған кезде алты адамның қаза тапқанын хабарлаған. Мариупольде атқылаудың салдарынан бір адам опат болған. Херсон облысында үш шекарашы өлген. Жараланғандар да бар. Уманьда бір адам қаза болып, бесеуі жараланған. Харьков облысында атқылау кезінде бір үй өртеніп, бір бала қаза болған. Жараланғандар да бар.
Әлеуметтік желіде Киев түбіндегі Гостомель әуежайына әуеден көп соққы жасалғаны туралы видеолар тарады. Сондай видеолардың бірінде аэродромға кемінде он ресейлік тікұшақтың әуеден соққы жасағаны көрінеді. Кемінде бір тікұшақ атып түсірілген. Бірақ бұл ақпарат әзірге ресми түрде расталмады.