Мариупольдағы қираған аурухана. 9 наурыз 2022 жыл.
Украинаның Донецк облысындағы Мариуполь қаласында балалар ауруханасы қираған. Қала билігі және Украина президенті Владимир Зеленский Ресей азаматтық нысанды бомбалады деп айыптады, деп хабарлайды Азаттық.
Зеленский жариялаған видеода ғимараттың қирағаны көрінеді.
Соққыдан қанша адамның қаза болғаны және жараланғаны белгісіз. Украина президентінің сөзіне қарағанда, үйінді астында адамдар қалуы мүмкін.
"Ресей әскері перзентханаға тікелей соққы жасады. Адамдар үйінді астында қалды. Балалар үйінді астында қалды. Бұл - айуандық!" деп жазды Зеленский.
Ол НАТО елдерін Украинаның әуе кеңістігін "жабуға" (яғни, ресейлік ұшақтар мен зымырандарды атып түсіру) шақырды. Бұған дейін НАТО бұл жағдайды онан сайын ушықтырып жіберуі мүмкін деп Киев ұсынысынан бас тартқан.
"Украинская правда" сайтының жазуынша, жарылыс ошағы перзентхана мен балалар бөлімі арасындағы аумақ болған.
Ресей қорғаныс министрлігі оқиғаға түсініктеме бермеді. Ведомство осыған дейін Ресей әскері тұрғын үйлер мен азаматтық нысандарға шабуыл жасамайды деп мәлімдеген. Бірақ тұрғын үйлер мен мектептердің, өзге де азаматтық нысандардың қирағаны жайлы айғақтар өте көп. БҰҰ мәліметінше, 24 ақпанда Ресей Украинаға басып кіргелі бері 1424 бейбіт тұрғын қаза болған.