30 қаң, 2023 сағат 13:27

Украина қорғаныс министрлігі: Ұшақ пен ұзақ қашықтыққа ұшатын зымырандар қажет

F-16 Fighting Falcon. Фото: military.com

Украина қорғаныс министрлігі Алексей Резников Ресей басқыншылығына пәрменді қарсылық көрсету үшін елге әрекет ету радиусы қолда барынан да ұзақтау жойғыш пен әскери ұшақтар, зымырандар қажетін айтты. Мұның алдында Батыстың бірқатар мемлекеті Киевке соғыс танкілерін жеткізу туралы шешім шығарғаны хабарланған. Бұл туралы министр СВС арнасына берген сұхбатында айтқан, деп жазады Азаттық.

Ұшақ пен ұзақ қашықтыққа ұшатын зымырандар қажет екенін кейінгі кездері Украина президенті Владимир Зеленский де бірнеше рет айтқан.

Батыс елдері алғашында Украинаға әуе шабуылына қарсы қорғаныс құралдары мен танкілерді жеткізуге құлықсыз болып, кейін ойын өзгерткенін атап өткен Резников "бүгін болмаса, ертең мүмкіндік болады" деген. Министр қару Ресейдің халықаралық деңгейде мойындалған аумағындағы нысандарға атылмайтынын айтты.

АҚШ ақпарат құралдары кейінгі күндері Құрама Штаттар мен НАТО Украинаға F-16 әскери ұшағын жеткізу мәселесі талқыланып жатқанын жазған. Бірақ ондай шешім шығарудың оңайға соқпайтыны да сөз болған. Германия канцлері Олаф Шольц өткен жексенбіде Украинаға жойғыш зымырандар жіберілетінін жоққа шығарған. Италияның да Киевке шабуыл қаруын бермейтіні хабарланған.

The Wall Street Journal басылымының жазуынша, былтыр Батыста көпшілігі соғыстың ұзаққа жалғасуы Украинаға қолайлы десе, қазір "адам мен техниканың үлкен резерві бар Кремль бұл соғыста жеңіске жетуі мүмкін" деген қауіп жиі айтылады.

Басылым Украинаға құрышты техника жеткізу оның соғыстағы динамикасын өзгертуге көмектеседі деп жазады.

Жексенбіде Ұлыбританияға бір топ украин әскериі келіп, ағылшынның "Челленджер-2" танкілерімен жұмыс істеуді үйреніп жатыр. Бұл туралы Ұлыбритания қорғаныс министрлігі хабарлады. Лондон Украинаға 14 танк жеткізуге уәде еткен.

Өткен аптада АҚШ Украинаға "Абрамс 31", Германия "Леопрад" танкісінің 14-ін жеткізуге дайын екенін айтқан.