16 сәу, 2021 сағат 06:40

Украина Батыстан қосымша көмек сұрады

Украина сыртқы істер министрі Дмитрий Кулеба 15 сәуірде Батыстан қосымша көмек сұрап, "жәй қолдаймыз деген сөз жеткіліксіз" екенін айтты. Украинамен шекарада Ресей әскерінің шоғырлануына байланысты Киев пен Мәскеу арасында жағдай ушығып тұр. 

Эстония, Латвия және Литвадағы әріптестерімен келіссөзден кейін Кулеба Балтық елдерінен Еуроодақтың қалған мүшелері мен НАТО-ға Киевке "іс жүзінде көмектесу" туралы ұсыныс айтуды өтінді. 

Кулеба Мәскеуді "Украинаға соғыс ашамын және Украина мемлекеттігінің тамырын жоямын деп ашық түрде қоқан-лоқы көрсетіп отыр" деп айыптады. Оның пікірінше, Ресейге Украина шығысындағы әрекетінің салдары "ауыр тиетінін" ұқтыру қажет. 

Балтық елдерінің сыртқы істер министрлері Украинаны қолдап, Мәскеуді жағдайды ушықтырмауға шақырды. 

16 сәуірде Украина президенті Владимир Зеленский Франция президенті Эммануэль Макронмен кеңес өткізеді. Видеобайланыс арқылы өтетін кеңеске Германия канцлері Ангела Меркель де қатысады. 

Жақында интернетте тараған фотолар мен видеолардан Ресейдің Украинамен шекарасында және Мәскеу аннексиялап алған Қырымда Ресей әскерінің қалың шоғыры орналасқаны көрінеді. 

АҚШ қарулы күштерінің Еуропа жөніндегі басқарма жетекшісі генерал Тод Уолтерс бейсенбі күні конгресс өкілдерінің алдында сөз сөйлеп, алдағы бірнеше аптада Ресейдің Украинаға басып кіру ықтималдығы "төменнен орташаға" дейін мүмкін деп бағалады.