Жұма, 11 қарашада украин армиясы орыс әскері шығып кеткен облыс орталығы Херсон қаласына кірді. Ресми түрде қаланың азат етілгені хабарланған жоқ. Алайда әлеуметтік желіде жарияланған суреттер мен видеолардан қала көшелерінде украин әскерінің жүргені көрінеді, деп хабарлайды Азаттық.
Херсонның жүздеген тұрғыны украин әскерін қарсы алу үшін елдің жалауын ұстап, көшеге шықты. Орталық алаңда да Украина туы көтерілді.
Қалада қандай да бір шайқастың жүріп жатқаны жөнінде ақпарат жоқ. Ресей қорғаныс министрлігі осыған дейін орыс әскері Херсон орналасқан Днепрдің оң жағалауынан шығарылды деп мәлімдеген.
Ресей әскерінің шегінетіні жөнінде генерал Сергей Суровикин сәрсенбі, 9 қарашада хабарлаған. Осылайша, әскерді әкетуге екі тәулікке жуық уақыт кеткен. Шегінген Ресей әскері Днепр арқылы өтетін көпірді жарып кеткен.
Бұған қоса, украин әскерінің Херсон облысында Днепрдің оң жағалауындағы өзге елді мекендерді соғыссыз алып жатқаны да хабарланды. Арасында Чернобаевка да бар. Жергілікті тұрғындар "Ресей мұнда мәңгілік" деген жазуы бар плакаттарды жұлып жатыр.
Ресей әскері Херсон қаласы мен облысының басым бөлігін соғыстың алғашқы күндері басып алған. Қыркүйекте облысты Ресейге қосу туралы псевдореферендум өтті. БҰҰ елдерінің басым бөлігі және Украина референдум мен аннексияны мойындаған жоқ. Бұдан соң украин әскері облыстың солтүстігінде контршабуылға көшті.
Кейін Ресей әскерін Херсоннан әкетті. Шегінердің алдында қаладан советтік ескерткіштер, князь Григорий Потемкиннің күлі, бірқатар музей экспонаттары әкетілген. Орыс солдаттары кетер кезде телемұнараны жарып кеткен. Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков жұма күні "Ресей Херсон облысын әлі өз аумағы деп есептейді" деп мәлімдеді.