23 қыр, 2024 сағат 15:54

ҰҚК ұйымдасқан қылмыстық топты құрықтау операциясын жүргізді


2024 жылдың 18 қыркүйегінде Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК), Ішкі істер министрлігі (ІІМ) және Бас прокуратура (БП) бірлесіп, қылмыспен күрес бойынша Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында ірі операция жүргізді. Операция Астана, Алматы және Шымкент қалаларында, сондай-ақ бірнеше облыстарда өтті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Барлығы 50 адам ұсталып, ішкі істер органдарына жеткізілді. Бұл күдіктілер тауарлар мен автокөліктерді ірі көлемде ұрлау арнасын ұйымдастырып, ұйымдасқан қылмысты қаржыландырған деп айыпталып отыр. Тергеу мәліметі бойынша, топ 2 млрд теңгеден астам мүлікті тонаған.

Ұсталғандардың үйлерінде тінту жүргізіліп, банк карталары, ірі көлемдегі қаражат, экстремистік әдебиеттер және басқа да маңызды дәлелдер табылған. Топтың ішінде нақты иерархия орнатылғаны және олардың бір бөлігі деструктивті діни орта өкілдері екені анықталды.

Қылмыстық іс бойынша тергеу амалдары жалғасуда. Қазіргі уақытта қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес тергеуге қатысты қосымша мәліметтер жарияланбайды.