Коллаж: Azattyq Ruhy
Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің бұрынғы басшысы Дархан Ділмановқа қатысты сот үкімі шықты.
Алматы гарнизонының әскери соты мәлім еткендей, ҰҚК төрағасының бұрынғы орынбасары - Шекара қызметінің директоры Дархан Ділманов пен басқа да лауазымды тұлғаларға билікті асыра пайдаланды және ірі мөлшерде пара алды деген айып тағылды.
«Д.Е. есімді азамат Д.Ділмановқа ҚХР-дан Қазақстанға жүктерді өткізу пункті арқылы ауыстырып тиеудің әзірленген қылмыстық схемасын енгізуді ұсынған. Егер бұл сәтті жүзеге асса, ол одан белгілі бір табыс алатыны анықталды. Бақылау пункті арқылы тауарды одан шықпай және жалпы кезекті айналып өтудің заңсыз схемасы енгізілуіне байланысты 1750 реттік рейс жасалды, нәтижесінде ірі шығын келтірілді», - делінген сот хабарламасында.
Сотталушылардың кінәсі куәгерлермен, әскери-жарғылық зерттеулермен, сараптамалардың қорытындылары және құжаттық тексеру актілері арқылы дәлелденген.
Прокурор айыпталушыларға мүлкін тәркілеп, 4 жылдан 9 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындауды сұрады.
Сотталушы Қ. кінәсін мойындамай, әрекетінде қылмыс құрамының болмауына байланысты ақтауды сұрады.
Дархан Ділманов және басқалар өз кінәларын толық мойындап, істеген ісіне өкініп, жазаның ең жеңіл түрін, ең төменгі жаза түрін тағайындауды, сондай-ақ қосымша жаза түрлерін қолданбауды сұрады.
«Сот жасалған қылмыстың сипаты мен қоғамдық қауіптілік дәрежесін ескере отырып, Д.Д.-ға Қылмыстық кодекстің 450-бабы 2-бөлігі бойынша мүлкі тәркіленіп, 4 жылға бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындады.
Қаулы етіледі, Қазақстан Республикасының Президентіне Д.Д. «генерал-лейтенант» әскери атағынан, ІІ дәрежелі «Айбын»мемлекеттік наградасынан және «Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ардагері» құрметті атағынан айыру туралы ұсыныс енгізілсін», - делінген сот үкімінде.
Айыпталушы Қ. ҚР ҚК-нің 28-бабы 5-бөлігі, 450-бабы, 366-бабы 3-бөлігі, 1, 2, 4-тармақтарымен көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтарды жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Е., ҚР ҚК-нің 55-бабын пайдалана отырып, ҚК-нің 366-бабы 3-бөлігінің 1, 2, 4-тармақшаларында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған параның 30 еселенген сомасы – 1 267 000 теңгеге – 38 010 000 теңге айыппұл салынды.
Қалған сотталушыларға мүлкі тәркіленбестен 3,5 жылдан 5,5 жылға дейін бас бостандығын шектеу жазалары тағайындалды.
Сотталғандар өмір бойы мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан айырылды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.