Фото ©REUTERS
Құқық қорғау органдарының жекелеген басшыларына қатысты да арнайы прокурорлар тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Бұл туралы Бас прокуратураның бірінші қызметі басшысының орынбасары Елдос Қилымжанов мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Қилымжанов 5 қаңтарда Алматы, Алматы облысы, Жамбыл және Қызылорда облыстарындағы екі полиция департаменті мен ҰҚК-нің үш департаментінің басшылары өз ғимараттарын қарумен қалдырғанын еске салды.
"Олардың барлығы күдікті деп танылды. Бұл факт бойынша қызметтегі әрекетсіздік бабымен тоғыз қылмыстық іс қозғалды", - деді Бас прокуратураның 1-қызметі басшысының орынбасары.
Сондай-ақ ол 1 және 2 сәуірде Жамбыл облысы ІІД бастығының экс-орынбасары мен Алматы әуежайындағы желілік полиция бөлімінің бастығы ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалғанын атап өтті.
Қилымжановтың айтуынша, тергеу әрекеттерін жүргізу барысында заңның үстемдігі мен азаматтардың құқықтарын сақтауды қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінеді.
"Рұқсат етілмеген тергеу әдістерін қолданудың барлық деректері бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Арнайы прокурорлар ең атышулы он істі тергеуде. Осы істер аясында 9 лауазымды тұлға, оның ішінде 8 ҰҚК қызметкері және бір полиция қызметкері ұсталды", - деді ол.
Сондай-ақ, ол дәл қазір қамауда отырған күдіктілердің ешбіріне тергеудің рұқсат етілмеген тәсілдері қолданылып жатпағанын ресми мәлімдеді.
«Әлеуметтік желіде қамауда отырғандарға қатысты тергеудің рұқсат етілмеген әдістерін қолдану жалғасып жатқаны туралы жазбалар жарияланып жатыр. Аталған адамдарға қатысты ешқандай зорлық-зомбылық қолданылып жатпағанын сендіріп айтамыз. Бұл ретте біз бұрын қолданылған бұлтартпау шараларын жеңілдету жөніндегі жұмыстарды жалғастырып жатырмыз. Прокурорлар ұсталған және күдікті адамдардың туыстарымен кездесу өткізеді. Олардың дәлелдерін мұқият тексере және осыны ескере отырып, бұлтартпау шараларын өзгерту туралы шешім қабылдайды. Жеке басын, денсаулық жағдайын және басқа да сипаттарды ескере отырып, 275 адамның қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы ешқайда кетпеу туралы қолхатқа, кепілге, үйқамаққа алуға және жекекепілгерлікке ауыстырылды» - дейді Қилымжанов.
1513 рет оқылды