Фото: ҰҚК баспасөз қызметі
Алматы қаласы бойынша ҰҚК департаменті синтетикалық есірткінің екі ірі жасырын өндірісін жою бойынша операциялар өткізді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ҰҚК баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Психотропты заттарды дайындады және сатты деген күдікпен үш азамат ұсталған.
"Тінту кезінде 21 кг «мефедрон» және «альфа-РVР», прекурсорлардың ірі партиясы мен зертханалық жабдықтар анықталды.
Тәркіленген есірткі заттардың құны «қара» нарықта 420 млн теңгеге бағаланады, ал көлемі 85 000 рет қабылданатын мөлшерлемелерді құрайды.
Материалдар Қылмыстық кодекстің 297-бабы 3-бөлігі бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді. Соттың санкциясымен ұсталғандарға қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды" - делінген хабарламада.
Өзге ақпараттар Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабы 1-бөлігіне сәйкес жария етуге жатпайды.
Сондай-ақ ведомство мәліметінше, биылғы 9 айда ҰҚК 30 халықаралық және аумақтық есірткі арналарының, 29 есірткі өндіретін зертханалар іс-әрекетінің жолын кескен.
Жалпы алғанда заңсыз айналымнан шамамен 1 тоннаға жуық синтетикалық есірткі және 76 тоннадан астам прекурсорлар тәркіленген.