27 нау, 2017 сағат 14:34

ҰҚК бұрынғы басшысы Нартай Дүтбаевты қамауда ұстау мерзімі ұзартылды

ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы басшысы Нартай Дүтбаевты қамауда ұстау мерзімі 26 мамырға дейін ұзартылды. Бұл туралы Астана қалалық соты ҚазАқпараттың сауалына берген жауабында мәлім етті.  

«2017 жылдың 14 наурызында  Астана қаласы №2 Есіл аудандық соты Дүтбаев Нартай Нұртайұлының, Хасен Нұрлан Болатұлының және Нұртаев Ерлан Сүйімбайұлының қамауда ұстау мерзімін 2017 жылдың 26 мамырына дейін ұзартты», - делінген мәлімдемеде.

Еске сала кетсек, 2017 жылдың 17 ақпанында сот Дүтбаев Н.Н., Хасен Н.Б., Нұртаев Е.С. қамауда ұстау мерзімін 2017 жылдың 26 наурызына дейін созды. Олар 2016 жылдың 26 желтоқсанында Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 185-бабы 3-бөлімінде («Мемлекеттік құпияларды жария ету») және 362-бабы 3-бөлімінде («Билікті немесе лауазымды өкілеттіктерді асыра пайдалану») қарастырылған қылмыстарды жасады деген күдікпен ұсталған еді.

Дүтбаев 2001-2006 жылдары ҰҚК басқарды, кейінірек президент кеңесшісі және ұлттық компания басшысы қызметтерін атқарды. Іс фигуранттарының бірі Нұрлан Хасен Қазақстанның Италиядағы елшілігінде жұмыс істеген.