Фото: ҰҚК
Ұлттық қауіпсіздік комитеті есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорлардың заңсыз айналымына қарсы күресті күшейтіп келеді. 2025 жылдың қазан айынан бері ведомство есірткі саудасын тоқтатуға бағытталған 10 арнайы операция жүргізді, деп хабарлайды Ult.kz.
Нәтижесінде есірткі жеткізудің 3 халықаралық және 3 аймақтық арнасы анықталып, толық жойылды. Сонымен қатар жер асты есірткі зертханасы мен арнайы жабдықталған плантацияның қызметі тоқтатылды.
Арнайы іс-шаралар барысында 622 келіге жуық түрлі есірткі заты тәркіленді. Оның ішінде психотроптық заттар, гашиш және марихуана бар.
Аталған деректер бойынша соттың санкциясымен 12 Қазақстан азаматы және 3 шетелдік күдікті қамауға алынды. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес тергеудің өзге мәліметтері жария етілмейді.
