26 қаз, 2022 сағат 13:51

ҰҚК арнайы операция барысында есірткі құрылымдарының 59 мүшесін ұстады


Ұлттық қауіпсіздік комитеті заңсыз айналымнан 282 келі есірткінің жолын кесті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"2022 жылғы шілде мен қазан аралығында есірткіге қарсы, оның ішінде ресейлік, өзбекстандық және қырғызстандық әріптестестермен 36 бірлескен операция өткізілді.

11 халықаралық және 14 аумақтық есірткі трафигінің арналары жойылды. Синтетикалық есірткі өндірумен айналысатын 4 жасырын лабораторияның іс-әрекеті бейтараптандырылды.

Арнайы операциялар барысында есірткі құрылымдарының 59 қатысушысы ұсталды. Заңсыз айналымнан 282 келі есірткі, оның ішінде 32 келі героин, 11 келі апиын, 60 келі синтетикалық есірткілер, 156 келі марихуана, 22 келі гашиш алынды. Сонымен қатар, айналымнан 861 «экстази» таблеткасы және психотроптық заттарды әзірлеуге арналған 3 тоннадан аса химиялық реагенттер шығарылды" - делінген хабарламада.

Халықаралық есірткі бизнесіне қарсы тұру бойынша іс-шаралар жалғасып жатыр.