Сурет: ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметі
24 маусымда ҰҚК жедел қызметкерлері арнаулы мақсаттағы бөлімшені жұмылдырып, Алматы қаласында қоғамға қауіпті ұйымдасқан қылмыстық топ әрекетінің жолын кесті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Арнайы операция барысында ҰҚТ-ның 5 белсенді мүшесі ұсталып, олардан Калашников автоматы, Макаров тапаншасы, жауынгерлік граната, тегіс ұңғылы «шолақ» мылтық және синтетикалық сипаттағы есірткі тәркіленген.
Топ мүшелері денсаулыққа ауыр зиян келтіру, аса ірі көлемде есірткі затын сату мақсатында сақтау, қару мен оқ-дәріні заңсыз тасымалдау және сақтау қылмыстарын жасады деген күдікке ілінген.
"Үш күдікті тергеу сотының рұқсатымен қамауға алынып, қалғандарына қатысты қажетті тергеу іс-қимылдары жүргізіліп жатыр.
Қолданылған шаралар Алматы қаласының қылмыстық ахуалын жақсартуға және қылмыстық ортаның қоғамға әсерін әлсіретуге бағытталған. Жедел-тергеу іс-шаралары жалғасуда.
Қылмыстық-процессуалдық кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат тергеу мүддесінде жария етуге жатпайды" - делінген хабарламада.
Конституцияның 77-бабы 3-тармағы 1-тармақшасына және Қылмыстық-процессуалдық кодекстің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес адамның кінәлі екендігі заңды күшіне енген сот үкімімен танылғанша ол жасалған қылмысқа кінәлі емес деп есептеледі.