Фото: Tengrinews.kz/Әлихан Сариев
Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысында отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу шараларын күшейту және қауіпсіздікті қамтамасыз етудің сервистік моделін енгізу мәселелері қаралды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.
Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев полицияға жыл сайын тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері бойынша 100 мыңнан аса өтініш келіп түсетінін баяндады. Бұл ретте жағдайлардың 60 пайызында жәбірленушілер құқық бұзушыларға қатысты шаралар қабылдаудан бас тартады. 2022 жылы 37 мың адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл ретте отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы қылмыстық құқық бұзушылықтар саны 7 пайызға (623-тен 583-ке дейін) төмендеді.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ІІМ отбасылық-тұрмыстық саладағы зорлық-зомбылықтың алдын алу үшін жауапкершілікті қатаңдату шараларын, сондай-ақ отбасының шырқын бұзушыларды оңалту және олармен тәрбие жұмысын жүргізуді қамтитын қадамдарды әзірледі.
Осылайша, бұл саладағы іс-қимылдарды үйлестіру үшін уәкілетті мемлекеттік органды белгілеу ұсынылып отыр, бұл репрессивті шараларға емес, азаматтардың әлеуметтік-экономикалық проблемаларын, балаларды тәрбиелеу және жалпы, отбасы мәртебесін көтеру мәселелерін шешуге басымдық беруге жол ашады.
Сонымен қатар тұрмыстық қылмыстарды тіркеудің өтініш беру түрінен анықтау сипатына көшу жоспарлануда, бұл полицияға құқық бұзушыны жәбірленушілердің өтінішінсіз, яғни тұрмыстық зорлық-зомбылық жасау фактісі бойынша жауапқа тартуға мүмкіндік береді. Осылайша, жазаның бұлтартпаушылық принципі қамтамасыз етіледі.
Бұдан басқа, әкімшілік қамауға алудың ең аз мерзімін 5 тәуліктен бастап (бұрын болмаған) белгілеу, тергеу кезеңінде отбасының шырқын бұзушыны оқшаулау және оны соттың қамауға алу мүмкіндігін қарастыру, сондай-ақ тараптардың тек бір рет және сотта ғана татуласуына мүмкін беру ұсынылып жатыр.
Осы тақырып бойынша Бас прокурордың орынбасары Жандос Өміралиев, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова және әділет вице-министрі Алма Мұқанова баяндама жасады.
Премьер-министр тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуда жаңа әлеуметтік сервистерді, оның ішінде отбасының цифрлық картасын белсенді қолдану қажеттігін атап өтті.
"Цифрлық технологияларды және деректерді талдауды пайдалана отырып, қандай да бір проблемалар туындауы мүмкін қауіпті аймақтағы отбасыларды анықтау қажет. Қылмыстардың немесе басқа да заңсыз әрекеттердің жасалуын күтпей, ең алдымен, осыларға назар аудару керек. Құқық бұзушылықтың салдарымен күресуден гөрі оның алдын алған әлдеқайда дұрыс", - деді премьер-министр.
Оның айтуынша, өңірлер әкімдерінің қызметін бағалау рейтингіне тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу деңгейінің индикаторларын енгізу мәселесін қарастыру, сондай-ақ дағдарыс орталықтарының тапшылығы мәселесін шешу жөнінде шаралар қабылдау қажет.
Ішкі істер министрлігіне отбасылық-тұрмыстық саладағы зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті қатаңдату жөніндегі заң жобасын әзірлеу шеңберінде халықпен кеңінен түсіндіру жұмыстарын жүргізу тапсырылды.
Сондай-ақ, ВАК отырысында қауіпсіздікті қамтамасыз етудің сервистік моделіне көшу мәселесі қаралды, оның шеңберінде азаматтарға сапалы полиция қызметтерін көрсетуге және құқықтық тәртіп саласындағы проблемаларды бірлесіп анықтау және шешу үшін мемлекеттік институттардың қоғаммен тұрақты әріптестік қатынастарын қалыптастыруға баса назар аударылады.
Премьер-министр ІІМ-ге мемлекеттік органдардың осы бағыттағы жұмысын тиімді үйлестіруді қамтамасыз етуді, ал өңірлердің әкімдіктеріне жергілікті жерлерде сервистік модельді сапалы масштабтау жөнінде шаралар қабылдауды тапсырды.
"Бұл – Мемлекет басшысы бастамашы болған құқық қорғау саласындағы маңызды реформалардың бірі. Жыл қорытындысы бойынша әрбір өңірдің осы бағыттағы жұмысына баға беріледі", - деді Әлихан Смайылов.