Бүгін Үкімет үйінде ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов дағдарысқа қарсы қосымша шаралар жөнінде кеңес өткізді. Отырыс барысында Үкіметтің сыртқы экономикалық және геосаяси факторлардың қазақстандық өндірушілерге әсерін мұқият қадағалап отырғаны аталып өтті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Премьер-Министрдің ресми сайтына сілтеме жасап.
Отандық компаниялардың одан әрі дамуы және әкімшілік жүктемені төмендету үшін бірқатар жаңа қолдау шараларын енгізу ұсынылды.
Осылайша, мемлекеттік сатып алу аясында өз міндеттемелерін орындау кезінде форс-мажорлық жағдайларға (логистикалық дәліздердің жабылуы, жеткізілімдердің уақытылы орындалмауы және т. б.) тап болған компанияларды Жосықсыз жеткізушілер тізіліміне енгізбеу тетіктерін пысықтау ұсынылады.
Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы өндірушілерін қолдау үшін сақтандыру сыйақыларын мемлекеттік субсидиялау көлемін ұлғайту керектігі назарға алынды.
Сондай-ақ елімізде шығарылатын ауыл шаруашылығы техникасының жеңілдікті лизингін кеңейту туралы ұсыныс қолдау тапты.
ҚР Премьер-Министрі ұсыныстарды қолдап, оларды жүзеге асыру мәселелерін пысықтауды тапсырды.