Үкіметке дайындықтың бастапқы кезеңінде жаттықтырушылардың жалақысын көтеру туралы ұсыныс енгізіледі. Бұл туралы ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Жүргізілген сараптама спорт түрлері бойынша білікті жаттықтырушылардың мүлдем жетіспейтіндігін анықтап берді. Бұл олардың жалақыларымен тікелей байланысты. Бүгінде азаматтық қызметшілердің еңбекақы жүйесіне сәйкес, еңбек өтілі, санат жоқ, біліктілігі орташа деңгейдегі жаттықтырушылардың жалақысы 63 мың теңгені құрайды. Осыған орай дене шынықтыру факультеттерін бітірушілер қызмет көрсету, күзет фирмалары, құқық қорғау органдары саласы қызметкерлерінің қатарын толықтырып отыр. Бірақ, спортты емес», - деді Дәурен Абаев министрліктің кеңейтілген алқа отырысында.
Осы ретте министр Щучьеде өткен кеңесте жаттықтырушылардың зейнет жасына жетіп қалуына және зейнет жасында екендігіне байланысты кадр тапшылығы арта беретіндігін айтқанын еске салды.
«Осыған орай Үкіметке дайындықтың бастапқы кезеңінде жаттықтырушылардың жалақысын көтеру туралы ұсыныс енгізіледі және оларды материалдық тұрғыда ынталандыру мәселесі пысықталады», - деді ол.