20 қар, 2022 сағат 12:22

Үкімет сайлаудан кейін инфляцияны ұстап тұруға тырысады - Жұманғарин

© Sputnik / Владислав Воднев

Премьер-министрдің орынбасары - Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин сайлаудан кейінгі инфляция туралы айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Бүгін вице-премьер №393 сайлау учаскесінде дауыс берді. Одан кейін журналистердің бірнеше сұрағына жауап берді. Соның бірі - инфляция мәселесі.

Жылдың соңында қымбатшылық шарықтау шегіне жетеді деген болжам бар.

"Қазір инфляцияның деңгейі 18,8 процент болып тұр. Өздеріңіз білесіз, Үкімет кешенді жоспарды бекітті. Онда төрт жылда атқарылатын 67 іс-шара бар. Соны орындасақ, тауық еті, алма, балық, ірімшік, сүзбеден импорттық тәуелділіктен толығымен кетеміз", - деді Жұманғарин.

Тілшілер инфляцияның шарықтау шегінде қымбатшылық қанша процент болатынын сұрады. Вице-премьердің айтуынша, Үкімет қазіргі деңгейден асырмауға тырысады.

"Қазіргі мақсат - жылдың аяғына дейін осы инфляция деңгейінен аспау. Сол деңгейде қалдыруға тырысамыз. Келесі жылда қолға алып жатқан реформалар әсер етеді деп ойлаймыз. Қазір әрбір журналистің, әрбір адамның сұрайтын маңызы мәселесі, ол - баға қашан тұрақталады? Әрине, ол өзіміздің ауыл шаруашылығына байланысты, себебі қазіргі кезде біз импортқа тәуелдіміз. Сол тәуелділіктен кетуіміз керек. Біз қазір біраз реформаларды бастадық. Бір-екі жылдың ішінде өзгерістерді көреміз деп есептейміз", - деп атап көрсетті Жұманғарин.