14 ақп, 2023 сағат 14:27

Үкімет Орал әуежайының сатылуына қатысты пікір білдірді

Фото: 2gis.kz

Премьер-министрдің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Орал әуежайының сатылуы туралы қауесетке пікір білдірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Үкімет кулуарында журналистер вице-премьерден Орал әуежайының жай-күйін сұрады. Жамаубаев нысан сенімгерлік басқаруда болған деп жауап берді.

"Бүгін толығырақ ақпарат береміз. Мен Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетіне нақтылауды тапсырдым. Себебі әуежайдың белгілі бір бөлігі жергілікті атқарушы орган мен "Ақ Жайық" ӘКК-ге тиесілі. Яғни, ол республикалық меншікте емес. Республикалық меншікте, менің білуімше, тек ұшу-қону жолағы ғана бар", - деп түсіндірді ол.

Министрдің айтуынша, Қазақстанның стратегиялық нысандарына бейрезиден иелік етпейді. Ал Орал әуежайы сенімгерлік басқаруда.

Сондай-ақ, премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгінов те әуежайдың сатылуына қатысты пікір білдірді. Оның сөзінше, Оралдағы ұшу-қону жолағы бюджет қаражаты есебінен жөнделген.

"Одан кейін олар күрделі жөндеу, тіпті әуежай терминалының жаңа құрылысын салу мәселесін қолға алды. Мұның бәрі мемлекеттің қолдауымен жасалды. Ал сіздердің қазір қойып отырғаныңыз мен үшін жаңа сұрақ. Бұл мәселені қадағаламаймын, мәселені әкімдікпен талқылау керек.

Бұл - мемлекет жөндеген стратегиялық нысандар, ол мемлекетке тиесілі деп есептеймін. Бірақ проблемалар болды, бұл - нысан және ұшу-қону жолағы. Ал терминал жеке меншікте еді. Бірақ бұл жеке инвесторды мүлде инвестор деп атауға болмайды. Жеке меншік иесі, ол ұшу-қону жолағын да, терминалды да жөндеуге бір тиын салған жоқ, барлығын мемлекет жасады", - деп жауап берді Көлгінов.