Бүгін Шымкентке ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев пен ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Камалжан Надыров келді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Үкімет мүшелері Шымкент қалалық клиникалық ауруханасындағы апаттан зардап шеккендердің жағдайларымен танысты.
«Снарядтан жарақат алып, ауруханаға түскен 57 жастағы азаматшаға дәрігерлер шұғыл түрде ота жасап, өмірін аман алып қалған. Ол ауруханаға жеткізілген кезде науқас көп қан жоғалтқан. Операция өте күрделі болып, екі сағатқа созылған. Зардап шеккен екінші науқас 16 жасар азамат. Жас жігіт қазір жансақтау бөлімінде жатыр. Жағдайы тұрақты ауыр», - дейді дәрігерлер.
Сондай-ақ, Үкімет мүшелері қалалық балалар ауруханасында жатқан сегіз жастағы баланың жағдайын білді. Оқыс жағдай кезінде баланың басына зақым келіпті. Қан кетуді жою мақсатында дәрігерлер балаға шұғыл түрде ота жасаған.
Операциядан соң Алматыдан арнайы келген реаниматолог пен нейрохирург баланы қарап шықты. Оның да жағдайы тұрақты ауыр күйінде қалуда.