18 сәу, 2019 сағат 16:41

Үкімет мүшелері Абай қаласында көпбалалы аналармен кездесті

Бүгін Премьер-Министрдің орынбасары  Гүлшара Әбдіқалықова бастаған Үкімет мүшелері Қарағанды облысына жұмыс сапарын жалғастырды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.

Вице-премьер Республикалық үш жақты комиссия отырысын өткізді. Оған  қала және аудан әкімдері, «Атамекен» ҰКП, ірі компаниялардың, бизнес-құрылымдардың және кәсіподақ ұйымдарының басшылары қатысты. Отырыста әлеуметтік-еңбек қатынастары, әлеуметтік әріптестік, қызметкерлердің еңбек құқықтарын қорғау, «Бірлестіктердің бостандығы және кәсіподақтарға бірігу құқығын қорғау туралы» № 87 Конвенцияны қолдану жөніндегі Халықаралық еңбек ұйымдарының ұсыныстары бойынша Жол картасын жүзеге асыру мәселелері қаралды.

Отырысты ашу кезінде Гүлшара Әбдіқалықова әлеуметтік әріптестіктің әрекет етуші моделі мемлекет, жұмыс беруші және жұмыскер арасындағы жауапкершілікті тең дәрежеде бөлуге негізделгендігіне ерекше назар аударды. Әлеуметтік әріптестік саласындағы негізгі міндеттердің бірі — әлеуметтік-еңбек дауларының алдын-алу. Сондықтан әлеуметтік әріптестіктің барлық қатысушылары өндірістік жарақаттың, жалақының уақытылы төленбеуінің, аумақтарда әлеуметтік ушығудың мониторингінің күшеюіне жол бермеу мәселелерін және т.б. ерекше бақылауға алу қажет.

Кәсіби сын-тегеуріндерді басқарудың қазіргі кездегі жүйесін енгізу мақсатында 1 сәуірден бастап 2231 кәсіпорын еңбек қауіпсіздігі және еңбек қорғау стандарттарын енгізді. 184,9 мың жұмыс беруші төмен жалақы алатын 963 мың жұмыскердің еңбек ақысын өсірді. Соның нәтижесінде олардың жалақысы 33%-ға көтерілді (43 мыңнан 57,5 мың теңгеге дейін). Еліміз бойынша барлығы 98,7 мың ұжымдық келісімшарт жасалған, оның ішінде 95,1% ірі және орта кәсіпорындарда ұжымдық келісімшарттар бар.

Әрі қарай Абай қаласының Мәдениет үйінде ҚР Вице-премьері және жұмыс тобының мүшелері көп балалы аналармен, аз қамтылған отбасылармен, еңбек ардагерлерімен, мүмкіндіктері шектеулі жандармен, мұғалімдермен, дәрігерлермен, жұртшылық өкілдермен кездесу өткізді.

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары өз сөзінде жаңа әлеуметтік саясаттың басымдылығы халықтың аз қамтылған отбасыларының кірісін көтеру, тұрғын-үй мәселесін шешу, білім беру және медицина қызметінің сапасын арттыру, аумақтарды кешенді дамыту екенін атап көрсетті. Ерекше назар аударғаны, басты міндет — адамдарды жұмыспен қамту, ал әлеуметтік көмек объективті себептерге байланысты өз бетінше еңбек ете алмайтын адамдарға көрсетіледі.

Жұмыс тобының басқа мүшелері өз бағыттары бойынша Елбасының «Әлеуметтік қамқорлық» жаңа әлеуметтік шараларын түсіндірді. Соңында жұмыс тобының мүшелері залдан келіп түскен сұрақтарға жауап берді.

Осы күні білім және ғылым министрі К. Шәмшидинова және денсаулық сақтау министрі Е. Біртанов, Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы М. Жайымбетов Қарағанды және Абай қалаларының мұғалімдерімен, дәрігерлерімен, құрылыс компанияларының жұмыскерлерімен кездесті. Кездесулерде білім беру және денсаулық сақтау салаларын әрі қарай дамыту, құрылыс нысандарының сапалы және мерзімінде аяқталуы секілді өзекті мәселелер талқыланды.

Үкімет делегациясының жұмысы Солтүстік Қазақстан облысында жалғасады.