17 қар, 2022 сағат 14:08

Үкімет инфляцияны ауыздықтауға қауқарсыз ба - Қаржы министрі түсіндірді


Премьер-министрдің орынбасары - Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев танымал экономистің сөзін түсіндірді. Сарапшы инфляцияны ауыздықтауға іс жүзінде инструмент қалмағанын айтып отыр, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Бұған дейін бұқаралық ақпарат құралдарында экономист Олжас Құдайбергеновтың инфляцияға қатысты пікірі жарияланған болатын. Оның айтуынша, алдағы бір жылдың ішінде инфляцияны ұстап қалуға мүмкіндік беретін инструмент қалмады.

Себебі инфляцияның басым бөлігі импортталып жатыр, яғни, қымбат шетелдік тауарлармен бірге баға да өсіп келеді. Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев оны растады. Бірақ келесі жылдың басында инфляцияның төмендейтініне сендірді.

"Олжас Құдайбергеновтың риторикасын түсіндіріп берейін, біз де оны білеміз, қазіргі кезде біздегі инфляция, көршілес елдердегі инфляция болсын, басқа мемлекеттердегі инфляция болсын - импортпен байланысты, яғни, қазір дүниежүзі бойынша баға шарықтап тұр. Америкада, Еуропалық одақта, олардағы инфляцияның өскені сонша, рецессия болуы мүмкін дегенді қарастырып жатыр. Бұл дегеніміз, экономикалық өсім болмауы мүмкін. Сондықтан риторика неде? Әрине, қазір Үкіметтің барлық құралдары бар. Бірақ ол құралдар неге тиімсіз болып отыр? Себебі бұл инфляция сырттан келіп жатқан факторлармен байланысты", - деді Жамаубаев Сенатта өткен брифингте.

Министрдің айтуынша, "біз АҚШ-тағы инфляцияны ауыздықтай алмаймыз". Еуропалық одақтағы инфляцияны да тоқтатуға мүмкіндік жоқ. Оған қоса, оларға энергетикалық дағдарыс төніп тұр.

"Дегенмен, біз ұлттық банкпен бірге жұмыс істеп жатырмыз. Қазіргі болжам бойынша осы жылдың аяғына қарай, келесі жылдың басына қарай инфляция төмендей бастайды", - деп атап көрсетті Жамаубаев.

Бұған дейін министр жылдың соңында инфляция шарықтау шегіне жететінін айтты. Оның деңгейі, шамамен, 20 процент болады.