20 сәу, 2021 сағат 08:10

Үкімет елді әлеуметтік-экономикалық дамытудың нақтыланған болжамын мақұлдады

Бүгін ҚР Үкіметі елді әлеуметтік-экономикалық дамытудың нақтыланған болжамын мақұлдады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Қазақстан экономикасының жыл басынан бері өсуі бойынша шұғыл деректерді және әлемдік тауар нарығындағы жағдайды, сондай-ақ әлемдік экономиканың өсу болжамдарын есепке ала отырып, Үкімет Әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2021 жылға арналған болжамының көрсеткіштері мен индикаторларын қайта қарады. Мысалы, 2021 жылы жалпы ішкі өнімнің нақты өсуі – 3,1 пайыз деңгейінде, мұнай бағасы – бір баррель үшін 50 доллар деңгейінде, ұлттық валюта бағамы бір доллар үшін 425 теңге деңгейінде болжанып отыр. Осыған байланысты республикалық бюджет жобасы Әлеуметтік-экономикалық дамудың нақтыланған болжамын есепке ала отырып қалыптастырылды», -деді Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин. 

Оның атап өтуінше, 2021 жылға арналған нақтыланған бюджет шығыстарының негізгі бағыттары «Nur Otan» партиясының бағдарламасын және Мемлекет басшысының 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауын іске асыруды қамтамасыз ету болып саналады. 

«Сонымен қатар бұл шығыстар пандемиямен күрес шараларын қаржыландыруға және денсаулық сақтау жүйесін жаңғыртуға, сондай-ақ экономиканың нақты секторын ынталандыруға бағытталған. Егер сұрақтар болмаса, ұсынылған Елді әлеуметтік-экономикалық дамытудың нақтыланған болжамын мақұлдауды және бюджетті нақтылау бойынша тиісті заң жобасына және тиісті Жарлық жобасына дауыс беруді ұсынамын», - деді ол. 

Үкімет бұл ұсынысты бірауыздан қолдап дауыс берді.