07 там, 2018 сағат 09:58

Үкімет басшысы жұмыссыз жастарды қысқа мерзімді біліммен қамтуды тапсырды

Бүгін ҚР Үкіметінің отырысында Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев білім беруді және ғылымды дамытудың 2016–2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының іске асырылу барысын қарау қорытындысы бойынша жастарды кәсіби білім берумен қамту және техникалық кадрларды даярлау бойынша бірқатар нақты тапсырмалар берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Мәселені қарау қорытындысын шығара отырып, Бақытжан Сағынтаевтың айтуынша, мемлекет білім алуға ниетті барлық азаматқа кеңінен қолдау көрсетіп жатыр. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім беру» жобасы іске асырылуда, оның аясында өткен жылы мемлекеттік тапсырыс 75 мыңнан 100 мың орынға дейін ұлғайтылды. Сонымен қатар, 14–24 жас аралығындағы жастарды қамту төмен деңгейде — 17% қалып отыр. Кəсіби бағдарлау жəне тәрбие жұмыстарының жеткіліксіздігі жастардың жұмыссыз жүруіне, олардың əлеуметтік оқшаулануының өсуіне әкеледі.

Осыған байланысты Білім және ғылым министрлігіне әкімдермен, «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, жұмыссыз жүрген жастарды кәсіптік білім берумен, қысқа мерзімді оқытумен, бейресми және қосымша білім берумен қамту бойынша жүйелі шараларды қабылдау тапсырылды.

Екіншіден, жоғары оқу орындарында және колледждерде алатын мамандықтар экономика салаларының, әсіресе цифрлық саланың қажеттіліктеріне үнемі сәйкес келе бермейді. Кадрларды даярлауға арналған мемлекеттік тапсырыс кәсіптерге сұраныс негізінде қалыптасады, бұл өңірлерге жұмыс сапарлары кезінде өткен кездесулерде де расталды.

Осыған орай, Білім және ғылым, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктеріне әкімдермен бірлесіп, экономиканың кадрларға деген нақты қажеттіліктерін ескере отырып, білім беру бағдарламаларын жетілдіру бойынша бірлескен жұмысты жалғастыру тапсырылды.

Б. Сағынтаев халықпен кері байланысты реттеуді, оқушылардың көпшілігінің, мұғалімдердің және ата-аналардың мүдделерін қозғайтын жаңалықтар бойынша түсіндіру жұмыстарын уақытылы жүргізуді тапсырды. Білім және ғылым министрлігіне жұртшылықпен, өңірлермен кері байланысты арттырудың, соның ішінде Мемлекеттік бағдарламаның көрсеткіштерін орындауға мониторинг жүргізудің тиімді құралдарын құру тапсырылды.

Бақылау жұмыстары Премьер-Министрдің орынбасары Е. Досаевқа жүктелді.