Бақытжан Сағынтаев Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қарағанды облысына жұмыс сапары аясында Сәтбаев қаласына барып, онда «Нұрлы мекен» жаңа шағын ауданының құрылыс жұмыстарымен танысты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ҚР Үкіметінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Нұрлы мекен» шағын ауданына Жезқазған қаласының апатты үйлерінің тұрғындары және мыс кен орындарын қайта өңдеу кезінде құлаған аудан аймағындағы көрші елді мекеннің тұрғындары көшіріледі. Олар Жезқазған, Сәтбаев және Ұлытау өңірлерін әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2012-2020 жылдарға арналған кешенді жоспары аясында жаңа пәтерлерге ие болады.
Қоныс аударушы азаматтар үшін бүгінгі таңда шағын ауданда 1760 пәтер (118 700 м ²) салынды. Магистральді жылу жүйесі жүргізілген, үйлер қажетті инженерлік коммуникациялармен қамтамасыз етілген.
Сәтбаев қаласының әкімі А. Ыдырысов 2018 жылдың маусым айының соңына дейін ауданы 12 100 м² (195 пәтер) болатын 4 үй тұрғызылатынын айтты. Бұған қоса, биыл 107 екі пәтерлі үй мен екі жатақхана құрылысын аяқтау көзделген.
Бақытжан Сағынтаев, сондай-ақ, нысанды аралау барысында Жезқазған өңірінің тұрғын үй құрылысы жоспарларымен және Мемлекет басшысының «Бес әлеуметтік бастама» үндеуінде берген тапсырмаларын ескере отырып, «Нұрлы жер» бағдарламасын іске асыру жоспарымен танысты.
«Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасы бойынша өткен жылы Қарағанды облысында 374 100 м² тұрғын үй салынды, бұл 2016 жылға қарағанда 9,8% артық. 3,3 мыңнан астам отбасының тұрғын үй жағдайы жақсартылды. 2018 жылдың І тоқсанында 113 100 м² немесе 2017 жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 131% тұрғын үй пайдалануға берілді, 1,2 мыңға жуық отбасының тұрғын үй жағдайы жақсартылды.