11 қаң, 2023 сағат 15:37

Үкімет басшысы McDonald's-тың кетуіне қатысты пікір білдірді

Фото: Restolife.kz

McDonald's-тың Қазақстанда жұмысын тоқтатуы компанияның Ресей нарығынан кетуімен байланысты. Бұл туралы премьер-министр Әлихан Смайылов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Үкімет отырысынан кейін өткен брифингте журналистер премьерден McDonald's компаниясы Қазақстан нарығынан не себепті кеткенін сұрады.

"Компанияның Қазақстаннан кетуі елдегі инвестициялық ахуал немесе басқа да жағдайлармен байланысты емес. Бұл McDonald's компаниясының Ресейден кетуімен тікелей байланысты. Компания өнімінің шикізаты мен жартылай фабрикаттар Ресей нарығы арқылы қамтамасыз етілген", - деді Смайылов.

Тағы бір себеп, оның айтуынша, McDonald's компаниясының өнімдерге өте жоғары талап қоюы.

"Бұл компанияны өніммен қамтамасыз ету үшін жеткізуші бірнеше сертификаттаудан өтуі керек. Жемнің сапасы, мал, құс ұстау және сою орындары, тіпті қаптайтын қораптардың сапасына да жоғары мән береді. Компания талаптарын орындау үшін қомақты инвестиция керек. Ал Қазақстанның нарығы шектеулі, сондықтан мұндай көп инвестиция қысқа мерзімде қайтарылмайды", - дейді үкімет басшысы.

Смайылов компаниядағы жұмыс орындарын сақтап қалу қажет екенін атап өтті. Айтуынша, компанияда екі мыңға жуық адам жұмыс істейді.

"Ол үшін халықаралық брендті қолданбай, жұмыс істеуді жалғастыру қажет. Сондай-ақ, жаңа компания шикізат мәселесін қазақстандық өнім өндірушілерімен бірлесіп алдын ала шешеді деп ойлаймын. Бұл компанияның тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз етеді", - деді премьер.

Бұған дейін 5 қаңтарда McDonald's компаниясы Қазақстанда қызметін тоқтатқаны хабарланған болатын. Енді McDonald’s брендімен жұмыс істеген "Food Solutions KZ" ЖШС жаңа атаумен ашылады.