Алматы қаласына жұмыс сапары аясында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев «Алматы бас жоспары» ғылыми-зерттеу институтында болып, оңтүстік астананы одан әрі дамыту жоспарымен танысты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Биылғы қараша айында қолданысқа берілген институттың жаңа ғимаратын қараған Премьер-Министр ситуациялық орталықтың жұмысымен танысты. Нью-Йорк, Сингапур, Лондон үлгісімен қаланы тиімді басқару үшін Big Data үлкен ақпарат платформасы құрылды. Басқаша айтқанда, бұл Алматы қаласын басқарудың болашақ ойлау орталығы. Ситуациялық орталықта 10 қалалық және республикалық жүйе біріктірілген. 2 жыл ішінде 27 жүйе мен деректер базасын біріктіру жоспарланып отыр. Жүйеде қаланың автотрафигі жөніндегі деректер, қоғамдық көліктің жолаушылар ағынының күнделікті көлемі, мектептер мен балабақшалардың жүктемесі туралы мәліметтер бар. Қылмыс жағдайын талдау, бюджеттің орындалуын бақылау бойынша сараптама жүргізіліп жатыр.
Қала әкімі Б. Байбек нақты уақыт режимінде 1000-нан аса даму индикаторы бойынша талдау жүргізіліп жатқанын хабарлады. Big Data талдауы негізінде әртүрлі қалалық көрсеткіштердің ұзақ мерзімді болжам моделі құрылуда: Алматы экономикасының тиімділігі, халықтың саны мен құрамы, әлеуметтік-экономикалық дамуға жанама факторларының әсері. Басқарудың нақты шешімдерінде көрініс табатын мегаполисті басқарудың түрлі модельдері әзірленіп жатыр.
Бұдан басқа, Алматы қаласының цифрлы 3D-голографиялық макеті мен түрлі мәселелерді шешуде халыққа қызмет көрсету үшін құрылған «Оpen Almaty» қоғамдық қабылдауының жұмысы таныстырылды. Қоғамдық қабылдау кеңсесінде барлық аудан әкімдіктері, тұрғын үй басқару, жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау, жолаушылар көлігі, табиғи ресурстар және сәулет, қалалық прокуратура, полиция, мемлекеттік кіріс бөлімі, ТЖД, ХҚКО, Кәсіпкерлердің ұлттық палатасы өкілдері мен медиаторлар қызмет көрсетеді.
Институт аумағында Президенттің «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауының аясында жүзеге асқан драйвер-жобалардың таныстырылымы өтті. 2018 жылдың басынан бері жобалық қағидамен «Алматы дамуының 50 драйвері» бастамасы жүзеге асты. Мақсат — экономиканы әрі қарай өсіріп, қаланың бет-бейнесін түбегейлі өзгерту.
Алматы қ. әкімінің орынбасары С. Мәкежановтың айтуынша, бүгінгі таңда 124 млрд теңгеге 50-ден 18 жоба іске асырылған. Жобалардың көбісі әлеуметтік салада — 30%, көлік саласында — 25%, энергетика және абаттандыру салаларында 10%-дан жүзеге асырылуда. Бұған қоса, қалада «Цифрлық Қазақстан» жобасы белсенді түрде іске асырылып жатыр. Алматыда онлайн сауда, автоматтандырылған логистика, бағдарламалық қамсыздандыру, блокчейн технологиялар саласында жұмыс істейтін 40 компаниядан тұратын технологиялық хаб құрылған. Қазіргі таңда АТ-өнімдер өндірісіндегі қаланың үлесі 50% құрайды. Smartcity аясында қауіпсіздік, желілік белсенділікке мониторинг жүргізу, қоғамдық көлік, білім беру және денсаулық сақтау салаларында жүйелік цифрлық жобалар іске асырылып жатыр.