Премьер-Министр Асқар Мамин жұмыс сапарымен Ақтөбе облысына келді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Үкімет басшысы алдымен «Нұр Ақтөбе» тұрғын үй кешеніндегі құрылыс жұмыстарымен танысты. Мұнда 27 көпқабатты үй салынып жатыр. Жоспар бойынша биыл облыста 1 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі.
«Жыл соңына дейін 1400-ден астам пәтер «Нұрлы жер» бағдарламасымен беріледі. Ал «Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында қаладағы көпбалалы отбасыға 40 сертификат үлестірілді. Бұл - алғашқы жарна болады», - деді қала әкімінің орынбасары Ұшқын Мыңбаев.
Қала әкімі Мавр Абдуллиннің айтуынша, биыл бес мың пәтер қолданысқа беріледі. Оның ішінде 30 көпқабатты үй - мемлекеттік, 31-і - коммерциялық.
«Ең қиыны - жер кезегі. Қазір қала бойынша 140 мың адам жер алуға өтініш берген. Барлығы 393 бау-бақша ұжымы бар. Оның 40-на жер телімі статусы беріліп жатыр. Енді инфрақұрылымын жаңарту қажет. Су, газ керек. Оларға 6,2 миллиард теңге қаржы сұраймыз. 18 мың жер теліміне 8 жобалық-сметалық құжат жасалды. Мемлекет басшысының қолдауымен басталған «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша 1090 өтініш түсті. Оның 471-і «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы төлем қабілетін растады. Бұған 2 миллиард теңге ақша бөлініп, игерілді. Тағы 555 отбасына қаржы сұралды. Оны қыркүйекте игеріп, тағы ақша сұрағымыз келеді», - деді Мавр Абдуллин.
Айта кетейік, қала бойынша кезекте 24 мың адам пәтер кезегінде тұр. Үкімет басшысы баспанамен қамтамасыз ету мәселелерінен хабардар болған соң, құрылыс жұмыстарымен танысты.