17 қаз, 2017 сағат 12:09

Үкімет 2017–2021 жылдарға арналған ҚР әлеуметтік-экономикалық даму болжамын мақұлдады

Бүгін Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен ҚР Үкіметінің отырысы барысында 2017–2021 жылдарға арналған Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық даму болжамы және 2017–2019 жылдарға арналған республикалық бюджет параметрлері қаралды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму болжамы 2016 жылғы ЖІӨ бойынша есептік деректер мен осы жылдың көрсеткіштері негізінде анықталғанын мәлімдеді.  

2017 жылдың басынан бері ҚР-да экономикалық белсенділіктің жақсарғаны байқалады. Осы жылдың тоғыз айындағы ЖІӨ өсімі 4,3%-ды құраған, ал жалпы жыл қорытындысы бойынша экономика өсімі 3,4% деңгейінде болады деп күтілуде. 2017 жылы атаулы ЖІӨ 51 855,3 млрд теңге көлемінде болжанған, бұл ақпанда мақұлданған көрсеткіштен 2 114,7 млрд теңгеге жоғары. Халықтың жан басына шаққанда ЖІӨ $8,7 мыңға дейін ұлғаяды. 

Өнеркәсіп өсімі тау-кен өндірісі саласының 8,2%-ға дейінгі болжамды өсімі мен өңдеу өнеркәсібінің 4,5%-ға дейінгі күтілетін өсімі есебінен 6,2%-ға дейін ұлғайтылады деп қайта қаралды. 

Мұнай өндіру көлемі ірі кен орындарында (Қашаған, ТШО, Қарашығанақ) өндіру жоспарын асыра орындау есебінен 81-ден 84,5 млн тоннаға дейін ұлғайтылды. Ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемінің өсімі 2,5% деңгейінде сақталған.

Экономикалық белсенділіктің жақсаруы мен экспортталатын тауарларға әлемдік бағаның тұрақтауын ескере отырып, экспорт бойынша болжам $1,9 млрд-қа $47 млрд-қа дейін ұйғайған, импорт мақұлданған $32,7 млрд деңгейінде сақталды. 

Түзетілген макроэкономикалық болжам негізінде 2017 жылға арналған республикалық бюджет параметрлерінің болжамы да нақтыланды. Республикалық бюджеттің 2017 жылғы кірістері (трансферттерді есепке алмағанда) 4 952,8 млрд теңге көлемінде бағаланады, бұл бекітілген жоспардан 60,8 млрд теңгеге жоғары көрсеткіш. 

Жер қойнауын пайдаланушылардан түсетін корпоративтік табыс салығы бойынша, сонымен қатар мемлекеттік кәсіпорындар кірісінің бір бөлігі мен дивиденттердің жоспарланбаған түсімдері есебінен салықтық емес түсімдер бойынша негізгі асыра орындау орын алады деп күтілуде. 

Сонымен қатар үкіметтік қарыз өсімін шектеу және еліміздің тәуелсіз рейтингін сақтау мақсатында бюджет тапшылығын 47,9 млрд теңгеге немесе ЖІӨ 3,1%-дан 2,9%-ға дейін қысқарту ұсынылған.

Ұлттық қордың кепілді және мақсатты трансферттері бұған дейін бекітілген көлемде сақталған.