17 ақп, 2020 сағат 16:42

Уханьнан жеткізілген қазақстандық студент карантин қалай жүргізілгенін айтып берді

Ухань қаласынан жеткізілген PhD студенті Гүлбақыт Болатбекқызы карантиннің қалай жүргізілгенін айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ухань қаласын карантинге жабу туралы хабар 22 қаңтар күні келіп түсті. Бұл уақытта Қытай халқының Жаңа жылы тойланады. Онда 2-3 жылдан бері тұрып жатқандықтан, жаңа жылда дүкендердің жабылатынын білеміз. Бұл жолы да азық-түлікті алдын ала сатып алғанбыз. Карантин кезінде барлық көлік жолдары жабылады. Вокзал, әуежай жұмыс істемейді. Төтенше жағдай режімі енгізілді. 22 қаңтардан 2 ақпанға дейін кампуста, өз бөлмемізде отырдық. Әр корпус өз студенттері үшін жауапты болды. Тек азық-түлік алу үшін кураторға ескертіп, кампустан шығатынбыз. Онда да бетперде, көзілдірік, қолғап киіп, ешкіммен байланыспауға тырыстық. Барлығы ұйымдастырылды. Әлеуметтік желіде айтылғандай еш дүрлігу болған жоқ. Бір үзім нан үшін төбелесу болған жоқ», - деді Г. Болатбекқызы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Осылайша, Ухань студенттері жалпы есеппен 24 күн карантинде болған.

«22 қаңтар - 2 ақпан аралығында 10 күн кампуста отырдық. Оған қоса, Қазақстанда 14 күн оқшау өмір сүрдік. Бізді Нұр-Сұлтандағы көпбейінді ауруханаға жатқызды. Мамандар қажетті сараптамалардың бәрін жасады. Ешқайсысынан коронавирус табылған жоқ. Төтенше жағдай болмағанда, бізде курорттық демалыс болды деп айтуға болады. Күніне 4 рет тамақтандырып, денсаулығымызды жіті тексерді. Кей адамдар стресті жағдайға түскендіктен, дәрігерлер олармен үздіксіз сөйлесіп отырды. Пижамаға дейін қажетті киімді аурухананың өзі берді. Осының барлығын мамандар жедел ұйымдастыра алды және оларға зор алғыс айтамыз», - дейді студент.

Сонымен бірге, оның айтуынша Қазақстан мен Қытайдың білім министрліктері студенттердің оқуын жалғастыру мәселесін талқылаған.

«Мұндағы әңгіме Қытайға екіжақты бағдарламамен барғандар немесе тілдік курс оқитындар және бакалавр, магистратура, докторантура оқитындар жайында болып отыр. Студенттердің бір бөлігі Қазақстанға ауысуды көздеп отыр. Ал кей студенттер шекара ашылған соң, оқуын Қытайда жалғастырғысы келеді. Бұл шешімді әр студент өзі дербес қабылдайды», - дейді Гүлбақыт Болатбекқызы.

Айта кетейік, кеше Қытайдан эвакуацияланған 89 студент елордадағы көпсалалы медициналық орталықтың жұқпалы аурулар бөлімінен және 171 қазақстандық Алматыдағы стационарлардың бірінен шығарылды.

Соңғы деректерге сәйкес, Қытайда коронавирустан көз жұмғандар саны 1770 адамға жетті .