23 мам, 2023 сағат 18:33

ТЖД Астанадағы жарылыстың алдын ала себебін атады

видеодан алынған кадр

Астананың Төтенше жағдайлар департаменті "Хан шатыр" сауда үйі маңында салынып жатқан тұрғын үй кешенінде болған бірқатар жарылыстың алдын ала себебін атады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

"23 мамырда сағат 16:28-де Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің өрт сөндіру бөлімшелері Мұхамедханов көшесіндегі жаңадан салынған нысанда өрт шыққаны туралы келіп түскен хабарламаға барды. Өрт сөндірушілер оқиға орнына 6 минутта жетті.

Үш газ баллоны жарылғаны анықталды, сондай-ақ 15 рулон шатыр материалы жанған. Өрт сөндірушілер өртті сағат 16:45-те ауыздықтады. Өртті сөндіруге Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаменті жеке құрамының 19 адамы мен 4 техникасы жұмылдырылды", - деді ТЖД өкілдері.

Астана денсаулық сақтау басқармасы оқиға салдарынан зардап шеккендер жоқ екенін растады.

"Асыл мұра" құрылыс алаңындағы оқиғаға BI Group құрылыс компаниясы да пікір білдірді.

"Салынып жатқан "Асыл мұра" нысаны, С блогында шатырды жабу жұмыстары кезінде өрт шықты. Оқиға орнына дереу өрт сөндіру қызметі шақырылды. Оқиға ошағы анықталды. Барлық жұмысшы эвакуацияланды. Құрбандар мен зардап шеккендер жоқ. Ғимараттың тірек құрылымдары зақымдалған жоқ", - деп түсіндірді компания өкілдері.

Қазір оқиғаның себебін анықтау жұмыстары жүріп жатыр.

"Компания тергеуге барлық қажетті көмекті көрсетеді. Өрттің ресми себептері мән-жайлар анықталып, тексерулер аяқталғаннан кейін белгілі болады. Холдинг еңбекті қорғау және қауіпсіздік саласындағы саясат пен барлық процедураны қатаң сақтайды", - деп сендірді компания.

видео: TengriTV