Фото: Akorda.kz
Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов қарамағындағы қызметкерлерден өзі үшін ақша жиналды деген ақпаратты жоққа шығарды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"Менің ұстанымым – адал өмір сүріп, еңбектену. Ол ақпаратта айтылған фактілер мүлде қабылдауға келмейді. Біз - ашықпыз, мұны мен осы қызметке кіріскен сәттен бастап айтқанмын. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметпен етене жұмыс істейміз. Сол себепті біз осы факті бойынша да тексеріс жүргіземіз. Егер фактілер анықталып жатса, адамдар жазаланады. Егер жала екені анықталса, бекітілген тәртіппен сотқа шағымданамыз", - деді Шәріпханов Үкіметте өткен брифингте.
Ол жеке құрамнан тағы да жауап алынатынын атап өтті. Сондай-ақ WhatsApp мессенджерінде нөмірі бар екенін, оған түскен арыз-шағымдар дереу тексерілетінін айтты.
Айта кетейік, Төтенше жағдайлар министрлігінің бұрынғы қызметкері Зуялхан Гасанов Түркістан облысының құтқарушыларынан лауазымына қарай 20 мыңнан 50 мың теңгеге дейін ақша жиналғанын мәлімдеген еді.