22 шіл, 2022 сағат 15:31

Тыр жалаңаш самокат тепкен қыз бен жігіт 10 тәулікке қамалды


Алматы полициясы қалада тыр жалаңаш самокатпен жүрген қыз бен жігітті анықтап, оларды 10 тәулікке қамауға алды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Жергілікті полиция департаментінің мәліметінше, Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотында Алматы жолдарында киімсіз самокатпен жүрген 1997 жылы туған М. есімді қыз бен 2003 жылғы Г. есімді азаматқа қатысты сот отырысы өткен.

"Бостандық ауданы полиция басқармасы қызметкерлері құқықбұзушыларды ұстады. Олардың әдепсіз әрекеттері ҚР Әкімішілік құқық бұзушылық кодексінің 434-бабы "Ұсақ бұзақылық" бойынша сараланған. Іс материалдары юрисдикцияға сәйкес сотқа жіберілді, оның шешімі бойынша әрқайсысы 10 күн әкімшілік қамауға алынды. Бұдан басқа, жолаушыларды тасымалдау ережелерін бұзған 1994 жылы туған К. "Мерседес" жүргізушісіне қатысты да әкімшілік ықпал ету шаралары қабылданғанын атап өткен жөн (ҚР ӘҚБК-нің 593-бабы 1-бөлігі). Оның жолаушысы - А. люктан тыр жалаңаш адамдарды ұялы телефонына түсіріп алған", - деді Алматы қаласы жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы полиция полковнигі Ержан Ұзабаев.

Еске салсақ, бұдан бұрын желіде самокат мінген жалаңаш қыз бен жігіттің видеосы тараған.