Тянь-Шань тауында жоғалған Қазақстан альпинистерін іздеу жұмыстары ертең, 22 тамыз күні қайта жалғасады. Бұл туралы ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінен мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Тянь-Шань тауларына қар түріндегі жауын-шашын түсуінің жалғасуына және қас қарая бастауына байланысты бүгінгі іздеу-құтқару жұмыстары тоқтатылды. Әскери альпинистер мінген топпен ҚР ІІМ ТЖК құтқару авиациясының ұшуы тікұшақ қозғалысына қолайлы жағдай болған кезге, яғни 22 тамыз күні таңғы уақытқа жоспарланған», - деп атап өтеді комитеттен.
Еске салсақ, алматылық альпинистер Мұрат Өтепбаев, Андрей Корнеев және Александр Чечулин Қырғыз тауларында жоғалып кетті. Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев альпинистер тобының із-түзсіз кетуіне қатысты Instagram парақшасында алаңдаушылық білдірді. Кейінірек құзға өрмелеушілердің бірінің қызы әлеуметтік желі арқылы қалың көпшіліктен көмек сұрады. Көп ұзамай ҚР Қорғаныс министрлігі альпинистерді құтқару операциясын бастағанын мәлім етті. Құтқарушылар тобына әйгілі альпинист Мақсұт Жұмаев жетекшілік етуде.