26 қыр, 2023 сағат 11:31

Туыстары келбетін жарақаттаған алматылық қыз адам танымастай өзгерді

Фото: © ktk.kz

Хирургтер өз анасы мен әжесі жарақаттаған 18 жастағы алматылық Диана Ивановаға жаңа келбет сыйлады. Дәрігерлер қызға бірден 10-нан аса ота жасады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz сайты КТК арнасына сілтеме жасап.

Бұл оқиға 12 жыл бұрын Диана бас сүйегінің сынығымен жансақтау бөліміне түскенде қоғамдық резонанс тудырған. Оның мұрны сынған, құлағының бір бөлігі жұлынған, еріндері зақымдалған. Үздіксіз ұрып-соғу салдарынан қыздың бетінде көптеген тыртықтар қалған.

Екі ай бұрын Алматыдағы жеке клиникалардың бірінің дәрігерлері қызға тегін көмек көрсетуге бел буған.

"Операцияға дейін толқу болды. Операциядан кейін оянғанда бәрі ауырды. Бірақ бәрі тез жазылып кетті, бәрі жақсы. Мен ауруханада төрт күн жаттым-ау деймін, бірақ мен үшін ол өте тез өтті. Үйге барғым келді, үйде тез сауығып кеттім", - деп еске алады науқас.

Операциядан кейінгі қалпына келтіру процесі тағы бір жылға созылады. Осы уақыт ішінде дәрігерлер Диананы бақылайды. Сірә, ауыр медициналық процедуралар енді қажет болмайды. Бойжеткенмен косметологтар да жұмыс істейтін болады.

"Дүйсенбіде мектепке барамын. Достарым көреді, мұғалімдер көреді, олар қуанады. Менде бәрі өзгерді. Достар көбейіп, ортам кеңейді. Операциядан кейін өзімді әлдеқайда сенімді сезіне бастадым", - дейді Диана Иванова.