06 ақп, 2020 сағат 14:28

Туындаған проблемалар бір нұсқаумен ғана шешілмейді - Махамбет Досмұхамбетов

Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов жұмыс сапарымен Қызылқоға ауданында болып, Мұқыр селолық округінің аумағындағы ауылдарды аралады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" өңір әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Облыс әкімі алдымен Жамансор және Жантерек елді мекеніндегі бастауыш мектептерге барды. Мұнда білім беру нысанының сыйымдылығына сай, 53-60 оқушы білім алады.Әйтсе де, кабинеттер қажеттілігіне қарай жабдықталған.Тіпті, балалар үшін ішкі әжетхана да бар. Тек, ғимараттың тарлығынан Жамансордағы мектепте асхана мен спорт зал қарастырылмаған. Алайда, ауыл халқын алаңдататын мәселе бұл емес. Олар аталған елді мекендерде орта білім беретін мектеп жоқ деп шағымданды. Өйткені, ауыл балалары бастауыш сыныптан соң, орта білім алу үшін өзге аудандарға бөлініп кетуге мәжбүр.

- Ауылымызда орта мектеп жоқ. Балаларымызды Жылыой, Мақат аудандарындағы интернатқа жібереміз. Өзіміздің бақылауымызда болмаған соң, алаңдап отырамыз, -деді ауыл тұрғыны.

Махамбет Досмұхамбетов орта білім беретін мектеп білікті маманды қажет ететіндігін алға тартты. Ал, аядай ауылды мамандармен толық қамту екіталай екендігін де жасырмады. Сондықтан да бұл мәселе бір нұсқаумен шешілмейтіндігін баса айтты. Әйтсе де, «ауыл халқының өтініші ескерусіз қалмайды», - деді облыс әкімі.

Ары қарай Мұқыр ауылына аттанып, құрылысы аяқталмаған 400 орындық мәдениет үйін көрді. 2017 жылы басталған құрылысты жеделдетуге жұмыстаныңдар деп тапсырма берді. Ал, 2018 жылы қаланған 424 орындық орта мектептің негізгі құрылысы аяқталған. Енді, ішкі жұмыстар жүргізілген соң, жаңа оқу жылында пайдалануға беріледі деп күтілуде.

Ауыл ішінде 1984-1985 жылдары салынған ғимараттар да бар. Қолданыстағы ескі нысандардың бірі ауыл әкімдігінің ғимараты болса, енді бірі - аудандық спорт мектебінің бөлімшесі. Тозығы жеткен бұл мекемелерге жаңа ғимарат қажет. Бұдан соң, облыс әкімі кеңейтуді қажет ететін Мұқыр дәрігерлік амбулаториясының жұмысымен танысты. Мұндағы мәселелерді де жауаптылармен бірге талқыға салды. Ары қарай, облыс басшысы Сағыз ауылына ат басын бұрды. Мұндағы ауылдық округ әкімі аппараты ғимаратының да жағдайы оңып тұрған жоқ. 1952 жылы салынған әкімдіктің әбден тозығы жеткен. Ал, Өміров атындағы өнер мектебінің ғимараты шағын. Бұл жағдайлармен танысқан облыс әкімі қажетті жобалардың қаралатындығын айтты. Күрмеуі көп келесі мәселе Сағыз теміржол вокзалы. 1952 жылы бой көтерген вокзал іші тым тар. Сондықтан жаңа ғимарат қажет. Алайда, аудан әкімдігінің айтуынша, Сағыз теміржол вокзалы «ҚазақстанТемірЖолы» АҚ-ға қарасты.

- Бұл жерге жолаушылар игілігі үшін жаңа нысан салуды көздеп отырмыз.Алайда теміржол вокзалы ҚТЖ АҚ теңгерімінде болғандықтан , жоба жасақтау мүмкін болмай тұр. Сондықтанда ҚТЖ АҚ-на хат жолдап, теңгерімге тапсыруын сұрадық. Жауап келген соң, жобалау-сметалық құжаттаманы жасақтауға жұмыстанамыз, - деді аудан әкімі Нұрсұлтан Бисембиев.