02 сәу, 2018 сағат 12:32

Түймебаев балмұздақтан уланған науқастардың жағдайымен танысты

Жексенбі күні Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев балмұздақ жеп, жіті ішек инфекциясын жұқтырып, ауруханаға түскен науқастардың жағдайымен танысып, жедел штаб отырысын өткізді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Алдын-ала анықталған дерек бойынша, науқастар қаладағы «Южный» сауда нүктесінен балмұздақ сатып алып жеген. Олардың алғашқы легі Шымкент қалалық жұқпалы аурулар ауруханасына 29-30 наурыз күндері жеткізілген. Науқастар бірнеше рет тоқтамай құсу мен іш өтуге шағымданған. Бүгінгі уақытта науқастардың 38-і үйлеріне жіберілсе, қалғандарына тиісті ем-дом көрсетіліп жатыр. 

Орын алған жағдайға байланысты облыс әкімінің тапсырмасымен арнайы жұмыс тобы құрылып, қызметтік тексеру шаралары басталды. Науқастардың хал-ахуалы облыстық денсаулық сақтау басқармасының жіті қадағалауына алынды. Облыс әкімі науқастардың тез арада сауығып кетуіне барлық жағдайларды жасау керектігін ескертіп, жауапты басқармаға қосымша дәрігер мамандарды тартуға тапсырма берді.

«Барлық науқастардың жағдайымен танысып шықтым. Бүгінгі күнге олардың жағдайы тұрақты, барлық тиісті ем-дом көрсетілуде. Ауруханада дәрі-дәрмек пен төсек орындары жеткілікті. Ең бастысы – науқастардың тез жазылып кетуіне барлық жағдай жасауымыз қажет. Осы ретте мен Шымкент қалалық жұқпалы аурулар ауруханасындағы жұмыс кестесін күшейтуді тапсырамын», - деді Жансейіт Қансейітұлы.

Штаб отырысында орын алған оқиғаның себеп-салдары талқыланды. Мамандардың айтуынша, жіті ішек инфекция санитарлық эпидемиологиялық талаптардың сақталмауынан орын алған. Қазіргі таңда қосымша сараптама жұмыстары жүргізілуде. Ал мұндай дертке шалдыққандар шұғыл жасалған еменнен соң сауығып, отбасыларына оралуда.  

Аталған оқиғаға байланысты өңір басшысы облыстың Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің жұмысын сынға алды. Жалпы қоғамдық тамақтандыру орындары тұрғындарға қызмет көрсетуде санитарлық нормаларды қатаң сақтауға міндетті. Ең бірінші кезекте халықтың денсаулығы қымбат екенін ескеріп, жауапты департамент тамақтандыру орындарына тиісті қадағалау жүргізуі қажет.

Ал оқиғаға орай ОҚО Ішкі істер департаменті қылмыстық іс қозғап, сотқа дейінгі тергеу жұмыстарымен айналысуда.