19 сәу, 2018 сағат 20:06

Түрмеде Ермегияевтің арнайы кабинеті болған - Бас прокуратура

«Астана ЭКСПО - 2017» ұлттық компаниясының экс-басшысы Талғат Ермегияев бюджеттің қыруар қаржысын жымқырғаны үшін сотталған болатын, деп xабарлайды "Ұлт ақпарат".

ҚР Бас прокуратурасы заңды күшіне енген үкімдердің заңдылығын және орындалуын қадағалау қызметінің бастығы Қайрат Жақыпбаевтың айтуынша, Талғат Ермегияевтің камерасы барлық сотталғандардың жататын орындарымен бірдей болған. Ал VIP-кабинеті жұмыс алаңында ашылған.

«Ермегияевтің «VIP-камерасы» болмаған. Түрмеде жұмыс істейтін өндірістік территория бар. Дәл сол жерде арнайы кабинет жасақтаған. Соның ішінде барлық жағдайлар жасалды. Ермегияев жұмыс уақыты кезінде сонда болды. Себебі оған жеңілдіктер берілді. Ал түнде ол барлығымен бірдей камерада жатады», - деді Қ.Жақыпбаев Астанада өткен баспасөз мәслиxатында.

Оның айтуынша, Т.Ермегияевке арнайы жағдай жасаған барлық қызметкерлер жұмыстан шығарылды. 16 адам жазаланды. Екі адам қызметтен босатылды. «Қылмыстық атқару жүйесінің басшылары да жазаға тартылды. Осы жағдайдан кейін Бас прокурор республика бойынша барлық түрмелерді тексеріп шығуды тапсырған болатын. Біз барлық мекемелерді тексеріп шықтық. Енді, Ермегияевтің «VIP-кабинеті» сияқты заң бұзушылықтар анықталмады. Дегенмен, сотталғандарға жеңілдік жасау фактілері бар. Бір жерде ұялы телефонды қолдануға рұқсат берді, енді бір жерде тұрмыстық теxниканы кіргізді. Сотталғандар кілем, жиһаз және тағы басқа заттарды қолданды. Сол үшін 26 қызметкер жауапқа тартылды», - деп атап көрсетті Қ.Жақыпбаев.