11 мам, 2022 сағат 19:18

Түркияның ANKA әскери дрондары Қазақстанда құрастырылады


Қазақстанда Түркияның ұшқышсыз ұшақтары құрастырылады, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

10 мамырда Анкарада Kazakhstan Engineering пен Turkish Aerospace арасында әскери-техникалық ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

"Құжаттық келісімге сәйкес, Қазақстанда «Kazakhstan Engineering» еншілес компаниясының базасында ANKA ұрмалы ұшқышсыз ұшу аппараттарын құрастыру және оларға техникалық қызмет көрсету желісі ұйымдастырылады.

Қазақстанда ANKA ұшқышсыз ұшақтарды бірлесіп өндіру туралы келісімге қазақстандық делегацияның Анкараға сапары аясында «Қазақстан Инжиниринг» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Теміржан Әбдірахманов және «Turkish Aerospace» (TUSAŞ) президенті, профессор Темел Котиль қол қойды.

Келісім шеңберінде ҰҰА-тарын бірлесіп өндіру саласындағы ұзақ мерзімді ынтымақтастық, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері үшін ҰҰА-тарын техникалық қызмет көрсету және жөндеу үшін технологияларды беру және персоналды оқыту жоспарлануда", - делінген баспасөз хабарламасында.


Қазақстан Түркиядан тыс жерде Anka дрондарын өндіруді жолға қойған алғашқы ел болады деп күтіліп отыр.

"Жаңа келісім бауырлас Қазақстанмен достық байланысты одан әрі нығайтуға ықпал ететін болады", - деді TUSAS бас директоры Темель Котиль.

Алғашқы ANKA барлау және соққы дрондары 2010 жылы ұшқан. Кейінірек ұрыс жағдайында да сыналды. ҰҰА–ның ең жоғары ұшу салмағы - 1 700 кг, пайдалы жүктемені 350 кг-ға дейін көтеруге қабілетті, ұшу уақыты - ең жоғары биіктігі 9 000 метрге дейін 30 сағатқа жақын. Қанатының ұзындығы - 17,5 метр, ұзындығы шамамен - 8 метр.