17 қар, 2018 сағат 10:28

Түркиядан олжалы оралды

12-21 қазан аралығында Түркияның Анталья қаласында қол күресі спорты бойынша өткен әлем чемпионатында шымкенттік Насыр Махамбетов чемпион атанды. Ол 90 келі салмақ дәрежесінде ел намысын абыроймен қорғап, сол қолмен бәсекеге түсуден қарсылас шақ келтірмеді. Тағы бір спортшы қызымыз Сабира Тұрсынбай 50 келі салмақ дәрежесінде сол қолмен күміс медаль, оң қолмен қола медаль иеленді.

Насыр мен Сабира Шымкент қаласындағы білікті басшы Мұзрафша-Жаһангер Аблаев басқаратын мүгедектерге арналған №19 спорт мектебінде бапкер Мақсат Жүсіповтің қарамағында жаттығады. 33 жасар спортшы Насыр Махамбетов 11 жылдан бері осы мектептің паралимпиадалық бөлімінде пауэрлифтинг спортымен шұғылданады. Бүгінде Қазақстан ұлттық паралимпиадалық құрамасының мүшесі. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері атанып үлгерген. Жеткен жетістіктері де аз емес.

2007 жылы пауэрлифтингтен әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанса, араға 4 жыл салып армрестлингтен әлемдік доданың қола жүлдесін иеленген. Ал, 2016 жылы қол күресінен Ташкентте өткен Азия чемпионатында топ жарды. Араға бір жыл салып дәл осы жетістігін Қырғызстанда өткен «сары құрлық» біріншілігінде қайталады.

18 жасар Сабира Тұрсынбай үшін әлем чемпионатының жүлдегері атану – үлкен жетістік. Сабира 16 жасында-ақ Азия чемпионы атанып үлгерген. 2017 жылы Азиядан қарсылас таппай, өз атағын қорғап қалған.

Мұзрафша-Жаһангер Аблаев басқаратын Шымкент қаласындағы мүгедектерге арналған №19 спорт мектебінен бұдан да өзге байрақты бәсекелерде топ жарған спортшылар көптеп шыққан. Бұл мектеп – еліміздің абыройын халықаралық аренада қорғап жүрген талай спортшы жастардың ұстаханасы. Аталмыш мектептен әлі талай чемпиондардың шығатынына сенеміз.