15 қаз, 2021 сағат 13:48

Түркия "Талибан" билігін мойындамайды


Түркия "Талибанға" (Қазақстанда тыйым салынған) Ауғанстандағы гуманитарлық дағдарысты еңсеруге қол ұшын беруге әзір, бірақ "Талибан" билігін мойындамайды. 14 қазанда Түркия сыртқы істер министрі Мевлут Шавушоглу тәліптер үкіметіндегі сыртқы істер министрі міндетін атқаратын Әмір Хан Муттақиді қабылданғаннан кейін осылай деп мәлімдеді.

Шавушоглудың айтуынша, "Талибанмен" келіссөз жүргізу оның билігін мойындауды білдірмейді.

"Ауғанстан экономикасы күйремеуі тиіс. Сол себепті Ауғанстан активтерін бұғаттаған елдер мәселеге түсіністікпен қарап, жалақылардың уақытында төленуіне жағдай жасау керек" деді ол.

Тамыз айының ортасында халықаралық күштер қолдаған ауған үкіметін биліктен тықсырып, қыркүйекте жаңа үкімет жасақтаған тәліптер өзін халықаралық қауымдастықтың мойындағанын қалайды.

Бірқатар көмектен қағылған ел экономикасы күйреуге шақ тұр, елде азық-түлік бағасы шарықтап, жұмыссыздық көбейген.

Муттақи Анкараға сапарының алдында Катарда АҚШ және Еуропа дипломаттарымен кездескен. Ол "Талибанға" қойылған батыс шектеулері Ауғанстандағы қауіпсіздікке қатер төндіріп тұр деп мәлімдеген.

Муттақи Түркияда Ауғанстан активтерін бұғаттаған елдер мемлекет экономикасының жағдайын онан сайын әлсіретіп жіберді, соның салдарынан Ауғанстаннан босқындар легі ұлғаюы мүмкін деді.