Түркия инвесторлары Қазақстанда химия өнеркәсібі саласындағы жобаны жүзеге асыруға дайын. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігі хабарлады.
Химия өнеркәсібіндегі жобаны іске асыру перспективалары «Kazakh Invest» ҰК» АҚ ұйымдастырған түрік инвесторларының Қазақстанға сапары барысында талқыланды. Қызметтік іссапар аясында «BRIMSTONE Sulphur Provider Company» компаниясының негізін қалаушы Эфе Мунип Нурдогду «Kazakh Invest» Басқарма төрағасы Мейіржан Юсуповпен кездесті.
Инвестордың айтуынша, жоба Қазақстанның батыс өңірлерінің бірінде күкірт бетонитін өндіруді көздейді. Жобаға салынған инвестициялардың жалпы сомасы шамамен 10 млн долларды құрайтыны жоспарлануда. 50-ге жуық жаңа тұрақты жұмыс орны құрылмақ. Жобаны іске асыру биылғы жыл соңында басталмақ.
Өз кезегінде «Kazakh Invest» Басқарма төрағасы Мейіржан Юсупов инвестицияларға мемлекет тарапынан көрстетілетін қолдау шаралары, жеңілдіктер мен преференциялардың кең спектрі туралы егжей-тегжейлі баяндап берді.
Айта кету керек, сапар аясында түрік компаниясы «ҚазМұнайГаз «ҰК» АҚ-мен, сондай-ақ мұнай өндіруші «NCOC», «Теңізшевройл», «KPO» сынды ірі компаниялар өкілдерімен шикізатпен қамтамасыз ету мәселесіне қатысты бірқатар келіссөз жүргізбек.
«Brimstone» компаниясы 2017 жылы Измир қаласында құрылған. Зауыттың өндірістік қуаты айына 6 000 тонна. «Brimstone» қызметінің негізгі бағыты күкірт және ілеспе өнімдер болып табылады.