Энергетика министрі Болат Ақшолақов Үкімет кулуарында Түркия жағалауында қаңтарылған мұнай танкерлері туралы пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бұл жағдай түрік билігі кемелердің сақтандыру құжатынан басқа да құжаттар талап ете бастағандықтан туындады. Ол талаптың мәні кемелердегі мұнай санкцияға ілінген болса және төгілген болса, сақтандыруға жатуы керек дегенге саяды. Бұл басы артық талап болып есептеледі. Өйткені сақтандыру компаниялары кемелер мен ондағы жүкті иесі кім екеніне қарамастан сақтандырады. Кімнің жүгі деген мәселе – сертификаттардың шығу тегіне байланысты мәселе. Қазақстан билігі мұны үнемі ашық көрсетеді. Мұның бәрі жүк тасымалдау келісімшартында қамтылған. Онсыз жүк тасымалданбайды», - деп түсіндірді Энергетика министрі.
Сондай-ақ, Болат Ақшолақов қазіргі таңда Түркия жағалауында қаңтарылған 8 танкердің Қара теңізден өткенін, қалғандары да жуықта жететінін айтты.