Биылғы жыл - ел еңсесін биіктеткен, тұғырын тіктеген Оңтүстік жұрты үшін табысты да сәтті жыл ретінде тарих төрінде алтын әріппен жазылары айдан анық. Өйткені осы жылы - Оңтүстік Қазақстан облысы орталығын Түркістан қаласына көшіріп, Түркістан облыс орталығы болып жарияланды. Бұл халықтың көптен күткен арманы еді.
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Түркістан - қазақ халқының ұлттық мемлекеттігін дүниеге әкелген алтын бесік әрі оны кемелдендірген өнегелі мектеп»,- деп айтқан болатын. Сондықтан, біз үшін бұл жыл рухани жаңғыруға бет бұрып, тарихи серпіліс жасаған құтты жыл болды. Түркістанның түлегеніне куә болған бүгінгі ұрпақ бақытты.
Төрт қақпалы тоғыз жолдың торабында көк күмбезі алыстан көрінген көне шаһардың туристік әлеуеті керемет. Әлемге әйгілі жәдігеріміз - Қожа Ахмет Ясауи кесенесі - біздің мақтанышымыз. Түркістандағы әрбір төбе мен қырқаның аттары тұнып тұрған тарих. Қазақтың хан, би, сұлтан, батырлары, игі жақсыларының ізі қалған, көне мәдени мұраға бай киелі жер. Ескі Сауран қалашығы, Үкаша ата бейіті, Гауһар ана және Әлқожа ата кесенелері де тарихи құндылығымыз, туристер мен зияратшылардың қызығушылығын арттырып келеді. Алты ғасыр өткенмен мыңдаған жылдар тарихын бойына жинап, өз шуағын адам рухын жоғары көтерер қасиетімен нұр етіп шашып келе жатқан құнды мұрамыз - Тайқазан көптеген туристердің назарын өзіне аудартады. Түркістанға «Таяқ ұстап келгенге тай мінгізген» ырыс алды ынтымақ пен Ясауидің шапағаты ғой. Кесенеге зиярат етіп келетін, сәулетіне тамсанып жететін туристердің саны жыл өткен сайын артуда.
Ұлы Жібек жолындағы Түркістанда қалаға келген қонақтарға мәдени көпшілік қызмет түрлері жоғары деңгейде көрсетіліп келеді. Осыған орай облыс әкімдігімен бекітілген кестеге сәйкес, Түркістан қаласының Есім хан алаңында әр сенбі, жексенбі күндері аудан, қала өнерпаздарының концерттік бағдарламаларын өткізу жоспарланған болатын. 23 қыркүйек күнінен бастау алған мерекелік «Түркістанға сәлем!» концертінде облыстың әр аудан, қалаларынан келген өнерпаздар мен қолөнер шеберлерінің көрмелері мен өнер шашулары көрсетілді. Алдымен, Кентау қаласы концерттік бағдарлама ұсынып, қолөнер шеберлері мен суретшілердің көрмелерін қойды. Сонымен бірге, Ордабасы ауданы ешқандай жарнама көрсетпегендіктен көрерменмен аз қамтылды. Бәйдібек ауданының концерттік бағдарламасы жоғары деңгейде өтті. Көрермендермен қамтылған концерттік бағдарламада қолөнер шеберлерінің көрмелері қойылып, концерт соңы нұр шашумен аяқталды.
Отырар ауданы түркістандықтарға тамаша көңіл күй сыйлап, қолөнер шеберлері мен суретшілердің көрмесі қойылып, ұлттық спорт түрінен жарыстар ұйымдастырды. Бұдан кейін Арыс қаласының, Төлеби, Сайрам, Қазығұрт аудандарының, сонымен бірге Сарыағаш, Келес, Жетісай, Мақтаарал, Түлкібас, Созақ аудандары көркемөнерпаздарының концерті өткізіліп, қолөнер шеберлері мен суретшілер көрмелері қойылды.
«Түркістанға сәлем!» концерті қараша айының 24-не өз мәресіне жетіп, жаңа облыс орталығы Түркістан қаласы өнерпаздарының «Түркістаным - Тұраным» атты мерекелік концерті мен қолөнер шеберлері және суретшілердің көрмесі тамашаланды. Сонымен қатар, «Иассы» халықтық фольклорлық ансамблі, «Тарлан» инструменталды вокалды ансамблі, қалалық мәдениет үйінің өнерпаздары өнер көрсетті.
Лиза ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
қалалық мәдениет үйінің директоры