«Түркістан–Шымкент–Ташкент» жоғары жылдамдықты магистралын салу барлық өңірдің туристік тартымдылығын арттырады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында ҚР Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның атап өтуінше, «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасының «Көліктік байланысты қамтамасыз ету» бағыты аясында ішкі көлік желісін дамыту және аумақтардың байланысын арттыру көзделеді. 11 мың шақырым республикалық маңызы бар және 27 мың шақырым жергілікті жол салынып, жөнделеді. Бұл жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы республикалық маңызы бар жолдың үлесін 100 пайызға дейін және жергілікті маңызы бар автожолдың үлесін 95 пайызға дейін жеткізуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар аумақтардың байланыстылығын арттыру үшін бірқатар ірі жоба да іске асырылады.
«Атап айтқанда, екінші жол құрылысын салу мен «Достық–Мойынты» учаскесін электрлендіру Қытай-Еуропа-Қытай жолының өткізу қабілетін арттыруға мүмкіндік береді. «Дарбаза–Мақтаарал» теміржол желісін салу Сарыағаш стансасының өткізу қабілетін 2 есеге арттырады. «Түркістан–Шымкент–Ташкент» жоғары жылдамдықты магистралын салу барлық өңірдің туристік және инвестициялық тартымдылығын едәуір арттырмақ. Алматы стансасын айналып өтетін теміржол желісін салу жобасы жүк арту мерзімін 2 тәулікке қысқартуға мүмкіндік береді. Аумақтардың байланысын арттыру шараларын іске асыру транзит көлемін 30 млн. тоннаға оның ішінде контейнерлерді 1,6 млн тоннаға ұлғайтуды қамтамасыз етеді», - деді Әсет Ерғалиев.