17 қар, 2018 сағат 23:45

«Түркістанның түлегеніне куә болған бүгінгі ұрпақ бақытты»

«Елбасы Н.Назарбаевтың Жарлығымен Түркістан қаласының облыс орталығы атануы – тарихи оқиға. Бұл өзгеріс жергілікті халықтың өміріне зор серпіліс әкелді. Бұрыннан сауда-саттықтың орталығы болған шаһарда бұл бағытта алдағы уақытта үлкен жұмыстар қолға алынып, елдің экономикасының жоғарылауына өзіндік үлесін қосады».

Бұл – саналы ғұмырын киелі қаланың дамуына арнаған түркістандық қария Бегадыл Саруаровтың пікірі.

Бегадыл Саруарұлын түркістандықтар жақсы таниды. Ол көптеген жылдар бойы қаладағы жиһаз жасау орталығында еңбек еткен. Сауда саласын да жетік меңгерген. Әрдайым қаланың болашағына бағдар жасап, даму бағытын топшылап отырады.

– Елбасы Түркістан қаласына көңіл бөліп, оны облыс орталығы деп жариялады. Бұл – халықтың көптен күткен арманы еді. Себебі, Түркістан бұрыннан да жоғары мәртебеге лайық қала болатын. Мұндағы сауда-саттық жүйесінің дамуы өзге қалалардағыдай емес, ежелден қалыптасқан. Кеңес өкіметі тұсында Қызылорда облысының, Шымкент қаласының және осы өлкенің тұрғындары Түркістанға келіп сауда жасайтын. Базар бағалары да өзге өңірлерге қарағанда әлдеқайда төмен-тін. Қазір де солай. Қаладағы сауда-саттық көлемі ұлғаймаса азайған жоқ. Алдағы уақытта да бұл жүйе заман талабына сай дамып, Түркістан болашақта ірі бизнес орталығына айналатынына кәміл сенемін. Жалпы, Түркістанның түлейтін шағы туды. Бұл кезеңге куә болып отырған бүгінгі ұрпақ өте бақытты, – дейді қария.

Бегадыл Саруаров 1944 жылы туған. Түркістан қаласында білім алып, осында отбасын құрыпты. Үш ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірген жайдары жұп бүгінде 8 немере, 2 шөберені еркелетер ата мен әже атанды.

Ағайынға қадірлі, көпшілікке сыйлы қария әрдайым ел ішінде өткен жиындарда елді бірлікке, ынтымаққа шақырып отырады. Өзі де үлкенге құрметі, кішіге ізетімен дараланып тұрады. Адамгершілік қасиетті бәрінен жоғары қояды. Қоғамдық істерге де белсене қатысып, өзекті мәселелердің тиісті деңгейде шешілуіне септігін тигізіп келеді.

Сонымен қатар, жастарға білгенін үйретуден жалықпайды. Қызмет жолында мол тәжірибесінен тәлім алған жас мамандар еңбек жолын сенімді түрде бастайтын. Соңынан ерген көпшілік әрбір ісін үлгі тұтады.

Қазақтың «ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген сөзі бар. Бегадыл ақсақалдың ұлдары мен қыздары әкенің арда атына кір жұқтырмай, әділдіктің ақ туын биік ұстады. Жұбайы Бақтыбике де жайдары жан. Қай кезде қонақ келсе де қазаны асулы.

Бегадыл Саруарұлының Түркістан қаласы үшін жасаған еңбегі жуырда қала әкімдігі тарапынан жоғары бағаланды. Яғни, қала күні қарсаңында қала әкімі Әліпбек Өсербаев Бегадыл ақсақалды арнайы марапаттап, құрмет көрсетті.

«Сіз бүкіл саналы ғұмырыңызды сауда, өнеркәсіп саласына арнап туған қалаңыз үшін үлкен еңбек сіңірдіңіз. Сіздің еңбек жолыңыз тәуелсіз еліміздің жастары үшін Отанымызға адал қызмет етудің жарқын үлгісі» делінген қала әкімінің құттықтауында.

Қазыналы қария еңбек жолында «1980 жылғы Социалистік жарыстың жеңімпазы», «Совет тұтынушылық кооперациясының үздігі» медальдарымен марапатталған екен.

Көпке қамқор болып, елдің алғысына бөленген Бегадыл ақсақал «қартайдым» деп қарап отырған жоқ. Елді бірлікке, жастарды білімге шақырып, әлі де ел ішіндегі игі істерге ұйытқы болып келеді.

"Оңтүстік Қазақстан" газеті