Үш ғасырдан бері Түркістандық тұрғынның үйінде сақталып келген қола қазан музей қорына берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Түркістанда «Музейге сый» акциясы өтті. «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының ұйымдастырумен өткен дәстүрлі шарада ғалымдар мен тарихшылар, музейге жанашыр қала тұрғындары 30-ға жуық құнды мұраларды табыстады.
Олардың қатарында атақты ғалым Шайх Сулейман Жамалдың аудармасы бойынша аударылған «Тафсир» кітабы, атадан балаға мұра болған ғасырлық қазан, Темуридтер мемлекетінің Әмір Темір атымен 785-786 х.ж. (1383-1385 жж.) және 832 х.ж. (1428-1429 ж.) Бұхара ақша сарайында соғылған фулусі, Қоқан хандығының екі дана тамшы пішінді, бір дана шаршы пішінді монеталары, XVII ғ. ұсақ сауда ісінде айналымында жүрген төртбұрыш пішінді мыс ақшалар мен Ресей патшалығының нумизматикалық жәдігерлері, Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде жерленген Кәрсон Бекназарұлы Таңыбай батырдың портреті, көзешінің мөрі бар.
Таңатаровтар әулеті алып келген қоладан құйылған үш ғасырлық қазан кесенеге келушілердің қызығушылығын тудырды. Ұлдары мен немерелерін ертіп, өзі бастап келген 75 жастағы Асылбек Таңатарұлы бабаларынан жеткен қимас мұраны әрі қарай кесене музейінде тұруын жөн санапты.
«Береке дарыған қола қазаннан қазақтың қаншама жақсылары мен жайсаңдары дәм татқан, әрі әулеттің де ырысы мен берекесі іспеттес. Бүгінгі күні бабадан тараған ұрпақтар үлкен әулетке айналып, тамыры кеңге жайылған, білімді де білікті, иманды, елге еңбегі сіңген азаматтарға айналған», - деді Асылбек Таңатарұлы.
Айта кетейік, қазіргі кезде музейдің қор сақтау және есепке алу бөлімінің қорында 24 558 дана көне жәдігер мемлекеттік тіркеуге алынған, оның 13 640 данасы негізгі қор, 10 918 данасы ғылыми көмекші қор есебінде. Олардың басым көпшілігі түпнұсқадағы тарихи құнды дүниелер.