02 қыр, 2019 сағат 22:25

Түркістандықтар Мемлекет басшысының Жолдауын ерекше ықыласпен тыңдады

Бүгін ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұлықтаудан кейінгі халық алдында алғашқы Жолдауын жариялады.

Президент өз Жолдауында халықтың әлеуметтік-экономикалық, саяси жағдайын арттыру бойынша басқару органдары мен Парламентке тапсырмалар берді. Кезекті Жолдауды зор ықыласпен қабыл алған түркістандықтар оны тікелей эфир арқылы тамашалады.

Жиынға «Nur Otan» партиясы, Ардагерлер ұйымы, ұстаздар, кәсіподақ ұйымы, үкіметтік емес ұйымдар, қоғам белсенділері мен жастар қатысты. Сондай-ақ, Жолдауды облыстағы аудан, қала әкімдігі қызметкерлері де зейін қойып, ықыласпен тыңдады. Облыста Кәсіпорын, мекеме басшылығы қызметкерлерінің қатысуымен коллективті көрсетілім ұйымдастырылды.

Облыс әкімдігінде өткен ұжымды көрсетілімде облыс әкімінің орынбасары Сакен Қалқаманов аудандарда халыққа ақпараттық түсіндіру топтарын құруды және медиа жоспарды дайындауды тапсырды.

Жалпы Түркістан облысы бойынша 16 қала/ауданда, 26 облыстық басқармалар мен ірі кәсіпорындарда Жолдаудың ұжымдық көрсетілімі ұйымдастырылды. Сонымен қатар, Жолдауды жергілікті халыққа түсіндіру бойынша 5 ақпараттық насихат тобы құрылды.

Ақпараттық насихат топтардың құрамына облыс әкімінің орынбасарлары, басқарма басшылары, зиялы қауым өкілдері, жоғары оқу орындарының оқытушылары, сарапшылар енгізілді.

Осы орайда, барлық деңгейдегі әкімдер, халық қалаулылары, жастар, ардагерлер, құзырлы органдар, қоғамдық ұйымдар, барлық сала белсенділері Президенттің Жолдауын халыққа кеңінен насихаттау жұмыстарын жүргізіп, барлық басымдықтарының жоғары деңгейде жүзеге асырылуына белсенді атсалысатын болады.