17 жел, 2018 сағат 17:17

Түркістандықтар «Елбасы жолы. Астана» фильмін тамашалады

Бүгін Түркістан облысы Сарыағаш ауданында «ЕЛБАСЫ ЖОЛЫ.АСТАНА» фильмінің көрсетілімі өтті. Мемлекет басшысының жүріп өткен даңғыл жолынан сыр шертетін туындының көрсетіліміне облыс басшысы Жансейіт Түймебаев қатысты. Сондай-ақ, облыс ардагерлері мен зиялы қауым өкілдері, БАҚ қызметкерлері мен өңір тұрғындары тамашалады.

«Елбасы жолы. Астана» фильмі болған оқиғаның желісінде түсірілген. Ғұмырнамалық туындының авторы белгілі режиссер Ақан Сатаев. Шығармада елорданың көшуі, сол кезеңдегі қиындықтар, жаппай құрылыс пен мемлекет құрудағы ілгері істер суреттелген.

Шығарманың көрсетіліміне қатысқан облыс әкімі жиылған қауымды Тәуелсіздік мерекесімен құттықтап, фильмге тұздық болар өз естеліктерімен де бөлісті.

«Сіздерді Ұлық мерекеміз – ҚР Тәуелсіздігі күнімен шын жүректен құттықтаймын! Тәуелсіздік күні – Қазақстанның әрбір азаматы үшін қастерлі мереке. Ғасырлар бойы азаттық аңсаған елдің арманы осыдан 27 жыл бұрын орындалып, мемлекетіміз өз тәуелсіздігін жариялады. Тұңғыш Президентіміз – Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы саясатының арқасында біз заманауи, ашық әрі демократия қағидаларына адал қоғам құра білдік. Бүгін назарларыңызға ұсынылып отырған «Елбасы жолы. Астана»  фильмі ел астанасының Алматыдан Ақмолаға көшірілген сәтін сипаттайды. Елбасымыз елорданы Ақмолаға көшіру жөніндегі ойын білдірген сәтте ол шешімді қолдамағандар көп болды. Дегенмен, Астана ұлтты ұйыстырып, қазақтың мәртебесін көтерген ордаға айналды. Елбасымыздың тарихи шешімі дұрыс екенін уақыт дәлелдеп берді. Президентіміздің Тәуелсіздігімізді тұғырлы ету жолындағы қажырлы еңбегі мен игі бастамаларын ел біледі және құрметтейді», - деді Жансейіт Қансейітұлы. 

Фильмнің басты кейіпкері - мемлекеттік қызметкер. Ол Елбасының қасында жүріп өткенін еске алады. Нұрсұлтан Назарбаевтің рөлін белгілі актер Мұрат Ақманов сомдаған. Фильм тариx xронологиясына сай нақты даталармен және сол тұста түсірілген тарихи бейнелермен көркемделген.

Елбасы ғұмырнамасы мен елорда тарихына негізделген фильм түркістандық көрермен қауымның көңілінен шығып, туындыға жоғары бағаларын берді.